ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚҰРАЛДАРЫН ҚОЛДАНУ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚҰРАЛДАРЫН ҚОЛДАНУ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ

        Абай университетінде оқытушы-профессорлар құрамына арналған «ChatGPT Edu» және «Codex» жасанды интеллект құралдарын тәжірибеде қолдану бойынша семинар ұйымдастырылды. Жиынның мақсаты – оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыру және заманауи технологияларды білім беру мен ғылыми-зерттеу үдерісіне тиімді енгізу.

Семинарға цифрлық педагогика маманы, жасанды интеллект бойынша әдіскер, университет түлегі Абдулкарим Абдурахманұлы спикер ретінде қатысып, аталған құралдардың мүмкіндіктері мен оларды күнделікті жұмыста тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді. Қатысушылар жасанды интеллектіге дұрыс тапсырма берудің, сұранысты нақты құрастырудың және қажетті нәтижеге қол жеткізудің түрлі тәсілдерімен танысты.

Спикердің айтуынша, жасанды интеллект құралдарын қолданушылардың арасында оқушылар мен студенттердің үлесі айтарлықтай көп. Мамыр айынан кейін пайдалану көрсеткішінің төмендеуі де байқалған. Бұл кезеңнің білім алушылардың жазғы демалысқа шығу уақытымен сәйкес келуімен байланысты. Мамандардың пайымынша, мұнда құралды кімнің пайдаланатынынан гөрі, оны қандай мақсатта және қаншалықты сауатты қолданатыны маңызды.

Семинар барысында «ChatGPT Edu» платформасының білім беру саласындағы мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. «OpenAI» компаниясы әзірлеген бұл шешім жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының қажеттіліктеріне бағытталған. Платформа оқу материалдарын әзірлеуге, құжаттар мен мәтіндерді талдауға, ғылыми ақпаратпен жұмыс істеуге және күрделі тапсырмаларды орындауға көмектеседі. Оны тиімді пайдалану оқытушылардың жұмысын жүйелеп, оқу үдерісін ұйымдастыруға жұмсалатын уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ал «Codex» – бағдарламалық кодты жазуға, талдауға, қателерді анықтауға және түзетуге көмектесетін жасанды интеллект құралы. Ол бағдарламалау мен техникалық міндеттерді орындау үдерісін жеңілдетуге арналған. Бұл құралдың мүмкіндіктері, әсіресе цифрлық технологияларды меңгеру, бағдарламалық өнімдерді әзірлеу және техникалық тапсырмалармен жұмыс істеу барысында пайдалы.

Аталған технологиялар оқытушыларға білім беру материалдарын дайындауға, тапсырмаларды құрастыруға, ақпаратты өңдеуге және ғылыми-зерттеу жұмыстарын оңтайландыруға жол ашады. Дегенмен жасанды интеллект ұсынған ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау, оның дұрыстығын тексеру және академиялық адалдық талаптарын сақтау да маңызды.

Кездесу барысында қатысушылар спикерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Практикалық мысалдар арқылы жасанды интеллекет құралдардың мүмкіндіктерін талқылап, оларды кәсіби қызметте қолдану жолдарын қарастырды.

 

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту