19.10.2026
БОЛАТ БАЙЖІГІТОВТІҢ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Абай университетінде көрнекті
өнертанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Болат Кесікқалиұлы
Байжігітовтің туғанына 70 жыл толуына орай «Өнер философиясы және көркем бейне:
Болат Байжігітовтің ғылыми мұрасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның
негізгі мақсаты – ғалымның ғылыми-педагогикалық мұрасын дәріптеу, оның отандық
өнертану ғылымы мен көркем білім беру саласының дамуына қосқан үлесін зерделеу,
сондай-ақ ғылыми идеяларының қазіргі зерттеулердегі өзектілігін талқылау.
Тағылымды жиынға еліміздің
жетекші жоғары оқу орындарынан оқытушы-профессорлар, өнертанушылар, ғалымдар
және Байжігітовтің шәкірттері қатысты. Дөңгелек үстел профессор Болат
Байжігітовтің рухына тағзым етуден басталды. Басқосу барысында ғалымның ғылыми
ізденістері, өнер философиясына қатысты тұжырымдары, ұлттық көркем мәдениетті
зерттеудегі еңбектері және ұстаздық қызметінің маңызы жан-жақты талқыланды.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ
ұлттық өнер академиясының проректоры Қабыл Халықов «Әсемдік әлемінен келген
адам... Ұстазым Болат ағай туралы естелік» деген тақырыпта сөз сөйлеп,
ұстазының адамгершілік қасиеттері мен ғылыми-педагогикалық болмысына тоқталды. Профессор
Тоққожа Мұқажанұлы «Соңғы арман, мәңгілік бейне» тақырыбында естеліктерімен
бөлісті. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Сара
Қырықбаева ғалымның өнертану ғылымы мен көркемдік білім берудегі
ғылыми-педагогикалық мұрасына назар аударса, профессор Қалдыгүл Оразқұлова
Байжігітов идеяларының қазіргі өнертану ғылымындағы маңызын сөз етті. Ал Абай
университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Дәуренбек Құсайынов
«Қазақ өнері мен ғылымын әлемге танытқан ғалым» тақырыбында баяндама жасаса, әл-Фараби
атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ерболат Кисимисов ғалымның
философиялық еңбектеріндегі көркемдік кеңістік мәселесі жөнінде айтты. Ал Абай
университеті Көркем білім кафедрасының профессорлары Шолпан Ақбаева мен Жанерке
Шайгозова Болат Байжігітовтің көркем білім беру жүйесіне қосқан үлесі мен
Қазақстандағы этноөнертанушылық бағыттың қалыптасуындағы ғылыми еңбектерінің
маңызын қарастырды.
Жиынның пікір алмасу
бөлімінде қатысушылар ғалымның ғылыми мұрасын жүйелеу, еңбектерін білім беру
бағдарламаларында пайдалану және жас зерттеушілер арасында кеңінен насихаттау
мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар, баяндама мен естеліктерді жинақтау,
студенттер мен жас ғалымдарға арналған ғылыми семинарлар ұйымдастыру және
профессордың ғылыми еңбектерінің библиографиялық тізімін толықтыру жөнінде
ұсыныстар айтылды.
Дөңгелек үстел қорытындысында
Болат Байжігітовтің ғылыми идеялары мен ұстаздық өнегесінің кейінгі буын
зерттеушілер үшін маңызы аталды. Ғалымның мол ғылыми-педагогикалық мұрасын
сақтау, зерттеу және болашақ ұрпаққа жеткізу университеттің академиялық дәстүрлерін
нығайтудағы маңызды бағыттардың бірі екені сөз болды.
Айта кетейік, Абай
университетінде өткен тағылымды басқосу көрнекті ғалымның есімін ұлықтап қана
қоймай, оның ғылыми мұрасын қазіргі өнертану мен көркем білім беру кеңістігінде
жаңаша зерделеуге жол ашты.
«Abai
University» медиа орталығы