08.10.2026
Педагогикалық практика аясындағы менторлық қолдау
2026 жылғы 8 қазанда Әлем тілдері факультеті Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының педагогикалық практикаға жауапты оқытушылары студенттердің практикадан өту орындарына барды. Сапар аясында оқытушылар №153 ұйғыр мектебіне, «АйСаф» (Ai Saf) мектебіне, Менеджмент және туризм колледжіне және Шетел тілдері колледжіне барып, студент-практиканттардың сабақтарына қатысты. Болашақ педагогтерге сыныпты басқару, оқу материалын тиімді түсіндіру және сабақ барысында туындайтын қиындықтарды шешу бойынша әдістемелік көмек көрсетілді.
Менторлық кездесулер барысында студенттермен Action Research – іс-әрекеттегі зерттеу әдісінің ерекшеліктері талқыланды. Оларға сабақ үдерісіндегі өзекті педагогикалық мәселелерді анықтау, практикалық шешімдерді сынақтан өткізу және практика нәтижелерін дипломдық жұмыстың зерттеу бөліміне енгізу жолдары түсіндірілді. Іс-шараға кафедра меңгерушісі К. Абдрахманова, сондай-ақ А. Абуова, Е. Бурмистрова, Р. Арзиев, Д. Ашимова, Е. Есбосынов, Э. Қансейітова және Х. Масимова қатысты.
Менторлық қолдау студенттердің мұғалім рөліндегі сенімділігін арттырып, педагогикалық практика мен ғылыми зерттеудің өзара байланысын терең түсінуіне мүмкіндік берді.