16.10.2026
ЖАЙДАРМАННЫҢ ЖАҢА МАУСЫМАШАР ОЙЫНЫ ӨТТІ
Абай университетінде 2026-2027 оқу жылына арналған маусымдық жайдарман ойындары басталды. Студенттердің шығармашылығын шыңдауға бағытталған әзіл-оспақ бәсекесіне университеттің әр факультетінен жиналған ең көңілді де тапқыр деген жастар іріктелген. Фестивальде таңдаулы 8 жайдарман құрамасы өнер көрсетіп, бақ сынады.
Ойынның басты ерекшелігі –
республикалық, қалалық деңгейдегі тәжірибелі құрама ойыншылары мен бірінші курс
студенттері арасындағы тәжірибе алмасуды арттыруда жатыр. Аталған әзіл кешінің
басты мақсаты да осы, яғни жас таланттарды анықтап, қолдау көрсету және жастардың
қоғамдық белсенділігін арттырып, ұжымдық рухты нығайтуға, достық пен
ынтымақтастықты тереңдетуге үлес қосу.
Маусымашарда үлкен сахнаға алғаш
рет шыққан жастар өз таланттары арқылы жүзден жүйрік шықса ғана жайдарман
әлеміне қадам жасай алады. Сондықтан оларға тек бір «Сәлемдесу» кезеңінен
сүрінбей өтіп, тапқыр ой, әдемі әзіл, заманауи трендтегі тіркес, командалық
ойын көрсетіп, қазылар алқасының жүрегін жаулау шарты ғана қойылды. Жайдарманға
қатысушы топтар осы байқау бойынша дайындаған әзілдерін ойнап, өз
факультеттерін көрерменге шебер таныстыруға тырысты.
Өнер бәйгесінің қазылар құрамында
Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақауов, Әлеуметтік және жастар
саясаты жөніндегі департамент директоры Нұрболат Манапбаев, жайдарман
ойындарының танымал өкілдері – Медет Жаңабай, Манас Жарылқасын және Ардақ
Бекенов болды. Олар командалардың ұтымды әзілдеріне баға беріп, креативтілік,
тапқырлық, сахна мәдениеті, жайдарман ойындарындағы тәжірибесі бойынша үздіктерді
анықтады.
Сайыс нәтижесінде үздік шыққан 6
команда келесі кезең – жартылай финалға тікелей жолдама алды. Сондай-ақ қазылар
алқасы тарапынан ойынмен қоштасқан екі командаға ойыншыларынан бір топ шығарып,
қосымша жолдамамен өтуге ұсыныс берілді.
Дәстүрлі «Жайдарман» маусымашар
ойындары жай ғана әзіл мен сауық кеші емес, студенттердің шығармашылық әлеуетін
ашып, көшбасшылық қасиеттерін шыңдайтын білім мен өнердің үлкен алаңы. Сахна
мәдениеті мен ұтқыр тапқырлықты ұштастырған жас өрендердің өнері университет
қабырғасындағы рухани-мәдени өмірдің қарқынды дамып келе жатқанын айқындап
бергендей.
«Abai University» медиа орталығы