ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ: ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ МЕН АҒАРТУШЫЛЫҚ

ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ: ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ МЕН АҒАРТУШЫЛЫҚ


 

         Бүгін Абай университетінде «XIX-XX ғасырлар тоғысындағы Қазақстандағы білім беру кеңістігі: зайырлы және мұсылмандық оқу орындары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми жиынның негізгі мақсаты – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Қазақстанның білім беру тарихын зерделеу, зайырлы және мұсылмандық оқу орындарының қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан талдау, сондай-ақ ұлттық ағартушылық идеялардың тарихи маңызын айқындау. 

Конференция университеттің Басқарма төрағасы-ректор Болат Анапияұлының құттықтау сөзімен ашылып, білім беру жүйесінің тарихи сабақтастығы, қазақ қоғамындағы ағартушылық үдерістердің ерекшеліктері кеңінен қарастырылды. Құттықтау сөзде ғылыми ынтымақтастықты дамыту, отандық тарих ғылымының өзекті мәселелерін зерттеу және білім беру саласындағы тарихи тәжірибені зерделеудің маңызы атап өтілді.

Ғылыми басқосуға Тарих және құқық факультетінің деканы, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Кенжебаев модераторлық етті. Ол білім беру тарихын зерттеудің отандық ғылым үшін өзектілігін атап өтіп, тарихи мұраны зерделеу арқылы өткен кезеңдердегі білім беру тәжірибесін терең түсінудің ерекшелігін жеткізді. Жиын аясында отандық және шетелдік ғалымдар өз зерттеулерінің нәтижелерін көрсетіп, Қазақстандағы білім беру жүйесінің тарихи даму ерекшеліктеріне қатысты баяндамалар жасады. Арасында Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдері мен еліміздің жоғары оқу орындарындағы ғалымдары да бар.

Конференция барысында XIX-XX ғасырлар тоғысындағы білім беру кеңістігінің ерекшеліктері назардын тыс қалмады. Соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұрасы және оның қазіргі білім беру жүйесіндегі негізгі идеялары, ұлттық тәрбиені дәріптеу, білімнің қолжетімділігін арттыру мәселелері, білім беру туралы көзқарасы бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпағаны жайлы айтылды. Қатысушылар зайырлы және діни білім беру мекемелерінің қоғам өміріндегі орнына, ағартушылық идеялардың таралуына, білім беру жүйесінің тарихи өзгерістеріне қатысты кеңірек тоқталды. Сондай-ақ Қазақстандағы білім беру тарихын зайырлы және мұсылмандық оқу орындарының өзара байланысы тұрғысынан қарастырып, тарихи үдерістерді көпқырлы зерттеуге басымдық беру де талқыланды.

Іс-шара отандық және халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерінің тәжірибе алмасуына, тарихи зерттеулердің нәтижелерін талқылауына, білім беру тарихын зерделеудегі ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жиын тарихи мұраны зерттеу мен зерделеудің, ұлттық білім беру тарихын ғылыми тұрғыдан пайымдаудың және өткеннің тағылымын қазіргі білім беру үдерісімен сабақтастырудың маңызын айшықтап берді.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту