АСТАНАДАҒЫ КАФЕДРА ФИЛИАЛЫНДА «ҚОШ КЕЛДІҢ, СТУДЕНТ!» ҚАБЫЛДАУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

АСТАНАДАҒЫ КАФЕДРА ФИЛИАЛЫНДА «ҚОШ КЕЛДІҢ, СТУДЕНТ!» ҚАБЫЛДАУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Абай университетіне қарасты Астанадағы кафедра филиалында өткен «Қош келдің, Студент!» бірінші курс студенттерін қабылдау салтанаты білім алушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жастық жігер мен шығармашылық шабытты тоғыстырды. Әсем әуен, ырғақты би мен жарқын өнерге ұласқан кеш студенттік өмірдің ерекше сәттеріне айналды.

Салтанатты шараның шымылдығы фанфар үнімен ашылды. Экраннан Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан...» деген тағылымды өлең жолдары көрініс тауып, кештің мазмұнына терең мән берді. Артынша сахнаға шыққан «DUDARAI» би ансамблі мерекелік көңіл күйді одан әрі жандандырып, көрермендердің ықыласына бөленді.

Студенттерді қабылдау кешінің ресми бөлімінде Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп құттықтау сөз сөйлеп, студенттерге білім жолында биік мақсаттарға ұмтылуына тілегін жеткізді.

– Сіздер – жаңа цифрлы дәуірдің жас буынысыздар. Алдағы төрт жыл бакалавриат, екі жылдық магистратурадағы оқу жылдары – сіздер үшін өмірлік маңызды кезең. Осы жолда – тек білімге құштарлық, ғылым мен өнерге іңкәрлік, спорт пен қоғамдық істе белсенділік көрсету қасиетті парыздарыңыз деп білемін. Баршаңызға зор денсаулық, биік мақсаттар және асқақ армандардың орындалуына тілектестігімді білдіремін! – деді Болат Анапияұлы.

Студенттік өмірге жаңа қадам басқан жастар үшін ерекше мәнге ие сәттердің бірі – Ант қабылдау рәсімі болды. «Математика» мамандығының студенті Еркін Елнұр биылғы бірінші курс студенттерінің атынан білім ордасының дәстүрі мен құндылықтарына адал болуға серт берді. Болат Анапияұлы Еркінге студенттік билетті табыстаған сәт алаңды тамаша шаттыққа бөледі.

Кешке арнайы қатысқан Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев та жастарды құттықтап, олардың бастамаларына сәттілік тіледі.

Мерекелік бағдарламаның концерттік бөлігінде студенттердің өнері мен шығармашылық әлеуеті кеңінен көрініс тапты. «SAMGAU» би тобының ырғақты қойылымы, «QAGANAT» шығармашылық одағының биі және танымал әнші, «Qazaqstan дауысы. Балалар – 2022» жеңімпазы Ерсұлтан Омардың әндері кештің көркін аша түсті. Ақерке Меделқан «Мен деп ойла…» әнін орындап, Луиза Азаматқызы «DIAMOND» композициясымен сахнаға шықты.

Студенттік өзін-өзі басқару ұйымының би қойылымы да көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ал Жанаев Талғат, Азаматқызы Луиза, Мырзабай Жазира және Әпенде Ернардың орындауындағы «Абайымнан тапқаным!» шығармашылық нөмірі кештің мазмұнын байыта түсті.

Өнер мен әуенге толы кештің жалғасы «DJ KORKEM» ұйымдастырған би кешіне ұласты. Би алаңына жиналған жастар музыка ырғағымен көңіл көтеріп, студенттік шақтың шаттығын бірге бөлісті.

Жастардың басын қосқан бұл кеш жаңа таныстыққа жол ашып, жайма-шуақ ортақ естеліктер қалыптастырғанын айта кетуіміз керек. Мұндай мәдени-рухани шаралар студенттердің шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың өзара ынтымағын нығайтып, университет өміріне белсенді араласуына серпін берері сөзсіз.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту