16.10.2026
ШИРЕК ҒАСЫРЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА АРНАЛҒАН КӨРМЕ ЖҰМЫСЫ АШЫЛДЫ
Биыл Абай университеті
мен Қытай Халық Республикасының Ханьшань педагогикалық университеті арасындағы
халықаралық ынтымақтастыққа 25 жыл толды. Осыған байланысты бүгін философия ғылымдарының кандидаты, ҚХР Ханьшань
педагогикалық университетінің профессоры, суретші Ерлан Әсембайұлының есептік көрмесінің тұсауы кесілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Абай
атындағы ҚазҰПУ мен ҚХР Ханьшань педагогикалық университеті арасындағы 25
жылдық халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесін таныстыру, қос жоғары оқу орнының
білім, ғылым және өнер салаларындағы серіктестігін нығайту. Көрме арқылы ұзақ
жылдар бойы қалыптасқан академиялық және шығармашылық байланыстардың маңызын
көрсетіп, өзара тәжірибе алмасудың тиімділігін дәріптеу.
Шараны ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ Ректор аппаратының басшысы Жанатбек Ішпекбаев
Басқарма төрағасы-Ректор Болат Анапияұлының құттықтау
хатын табыстап, суретші Ерлан Әсембайұлын университеттің «Үздік ұстаз»
төсбелгісімен марапаттады. Көрменің лентасын Жанатбек Ешенқожаұлы мен ҚХР ШҰАР Суретшілер
одағының төраға орынбасары Түсіпхан Ұлықпанұлы қиып, жиналған жұрт суретшіге жылы лебіздерін білдірді. Иығына шапан
жауып, арнайы сыйлықтарын тарту етті.
Көрмеде Ерлан Әсембайұлының
қылқаламынан шыққан Қытайдың көрнекі
жерлері мен өзі туып-өскен мекеннің әсем табиғаты көрініс тапқан. Сонымен қатар, туындыларында ұлттық болмыс,
тарихи тұлғалар және қазақ ұлтының рухани дүниесі де көркем
бейнеленген.
Абай университеті шет елдің
беделді жоғары оқу орындарымен әрдайым ынтымақтастықты дамытып келеді. Солардың
бірі – Ханьшань педагогикалық университеті. Ол Қытайдың Гуандун провинциясы
Чаочжоу қаласында орналасқан мемлекеттік жоғары оқу орны. Университеттің тарихы
1090 жылы негізі қаланған Ханьшань академиясынан бастау алады. Бұл оқу орны – аймақта
мұғалімдер даярлайтын ең алғашқы және ең көне педагогикалық институттардың
бірі.
Қазіргі уақытта университетте
20000-нан астам студент 60-қа жуық бакалавриат бағдарламасы бойынша білім
алуда. Университет кампусы Ханцзян өзенінің жағасында орналасқан және оның
жалпы аумағы шамамен 100 гектарды құрайтын алып білім ордасы.
Абай мен Ханьшань университеттері
ынтымақтастығының 25 жылдығына арналған көрме жұмысы бір айға созылады.
«Abai University» медиа орталығы