15.10.2026
ТҰРАҚТЫ ДАМУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Бүгін Абай университетінде
«Тұрақты дамуға арналған пәнаралық ғылым: білім беру, зерттеу және цифрлық
трансформация» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік
конференция өз жұмысын бастады. Екі күнге созылатын жиында қоршаған ортаны
қорғау, білім беру жүйесін жетілдіру және
цифрлық технологияларды ғылыми зерттеулерге енгізу секілді тұрақты
даму бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Шара география
ғылымдарының докторы, профессор Күләш Дүйсенбайқызы Қаймулдинованың 60 жылдық
мерейтойына арналып отыр.
Қазіргі таңда климаттың өзгеруі әлемді
алаңдатарлық деңгейге жеткізді. Бұл экологиялық өзгерістерге апаруы мүмкін
дегенді ғалымдар көптен бері айтып жүр. Сондықтан, пәнаралық зерттеулердің
бірізге түсірілуі аса маңызды. Өйткені, ол экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға,
білім беру сапасын арттыруға жол ашады. Ұйымдастырылған конференцияның негізгі
мақсаты – тұрақты даму бағытындағы өзекті мәселелерді пәнаралық тұрғыдан
талқылап, білім беру, ғылыми зерттеулер және цифрлық трансформация
салаларындағы тиімді тәжірибелермен алмасу. Онымен қоса, халықаралық ғылыми
ынтымақтастық инновациялық шешімдерді ұсынуды басты назарда қарамақ.
Конференцияның
пленарлық отырысын Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова ашып,
қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Сөз соңында
мейрейтой иесіне Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілептің
құттықтау хатын табыстады.
Алқалы жиынға
отандық профессор-зерттеушілерден бөлек шетелдік ғалымдар
да қатысты. Шетелдік ғалымдар әлемдік экологиялық мәселелер туралы сөз қозғап,
арнайы баяндамалар жасады. Мәселен, Финляндия
өкілі, Оулу
университетінің профессоры Али Тораби Хагиги Арал теңізі бассейнінің
трансформациясы мен Орталық Азиядағы әлеуметтік-экономикалық шиеленіс күрделіліктеріне
тоқталды. Жапонияда орналасқан Окаяма университетінің профессоры Хироки
Фудзии тұрақты даму мақсатындағы білім берудің болашағы мен халықаралық және
өңірлік көзқарастарды ортаға салды. Ал Түркияның Бурса Ұлудагынан келген
профессор Салих Чепни академиялық мәдениеті қалыптаспаған ортадағы табысты
зерттеушілердің пікірін талдады.
Аталған ғалымдардың ішінде Али
Торабидің Арал теңізі туралы зерттеуі көпшіліктің қызу талқысына түсті. Себебі
Арал теңізінің тартылуы – Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі. Амудария
мен Сырдария өзендерінің суын шамадан тыс ауыл шаруашылығына пайдаланудан теңіз
көлемі күрт азайып, аймақтың экологиялық тепе-теңдігінің бұзылуына апарып отыр.
Соның салдарынан тұзды шаң таралып, дүниежүзілік проблемаға айналды. Топырақтың
құнарлылығы төмендеп, халықтың денсаулығы мен жергілікті экономиканың дамуына
кері әсерін тигізіп отырғаны ақиқат.
Конференция барысында ЮНЕСКО-ның
Алматыдағы өңірлік кеңсесінің өкілі Динара Туякова тұрақты даму үдерісіндегі
білім берудің рөліне назар аударса, профессор Орденбек Мазбаев географиялық мәселелерді цифрлық
технологиялар арқылы шешу жолдарын тілге тиек етті. Сондай-ақ
профессор Жексенбек Тоқтарбай «Экологиялық, қорғаныштық және функционалдық
мақсаттарда қолдануға
арналған жоғары супергидрофобты наноқұрылымды материалдарды
әзірлеу» атты ғылыми зерттеуін таныстырды.
Жиында қатысушылар жаңа
зерттеу тәсілдерін, технологиялар мен тәжірибелерді талқылап, түрлі
ғылым салаларының әлеуетін біріктіру жолдарын қарастырды. Пленарлық
баяндамалармен қатар параллель тақырыптық секциялар, арнайы шеберлік сағаттары
мен тренингтер, постерлік сессиялар және workshop ұйымдастырылып, нәтижесінде ортақ қарар қабылданды.
Іс-шара аясында ғалымдар
мен ғылыми ұйым өкілдері vtvhtqnjqs btvc3yt құттықтау сөздерін де арнады.
Мысалы, ҚР Ұлттық ғылым
академиясы, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ, Орталық Азия өңірлік
гляциологиялық орталығы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және басқа да ғылым-білім
ұйымдарының өкілдері мерейтой иесіне ізгі тілегін
білдірді.
Естеріңіз сала кетейік, мерейтой иесі Күләш
Дүйсенбайқызы Каймулдинова 1988 жылы Абай университетін тәмамдаған. Негізгі
ғылыми еңбектері Қазақстан топонимдерінің физикалық-географиялық негіздерін
зерттеуге арналған. 1998 жылы география саласындағы кандидаттық диссертациясын тұңғыш
мемлекеттік тілде қорғаған жан. Ал 2010 жылы докторлық диссертациясын сәтті
қорғап, 30 еңбек өтілінде үш ғылым кандидатын, 30-ға жуық ғылым магистрін
даярлаған. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері.
Сонымен қатар 200-ден астам ғылыми, оқу-әдістемелік еңбегі жарық көрген
көрнекті ғалым.
Екі күнге жоспарланған
халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ертең де жалғасын таппақ.
«Abai University» медиа орталығы