15.10.2026
«Буллингсіз орта: өзара қолдау мен сыйластық мәдениеті» атты психологиялық тренинг өтті
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Психологиялық қолдау қызметі буллингтің алдын алу, студенттер арасындағы өзара сыйластықты қалыптастыру және топтық ұйымшылдықты арттыру мақсатында «Буллингсіз орта: өзара қолдау мен сыйластық мәдениеті» атты психологиялық тренинг өткізді.
Тренингтің негізгі мақсаты – студенттер арасында буллингтің алдын алу мәдениетін қалыптастыру, өзара құрмет пен сенімді нығайту, топ ішіндегі жағымды қарым-қатынасты дамыту және әрбір білім алушының өзін қауіпсіз әрі қолайлы ортада сезінуіне ықпал ету. Сонымен қатар студенттердің эмоционалдық сауаттылығын арттыру, өзгелердің сезімдері мен жеке шекараларын түсінуіне, қиын жағдайларда өзара қолдау көрсетуіне бағыт берілді.
Тренинг барысында қатысушылар буллинг ұғымы, оның негізгі белгілері мен көріністері, сондай-ақ оның адамның эмоционалдық жағдайына, өзін-өзі бағалауына және әлеуметтік қарым-қатынасына тигізетін ықпалы туралы ақпарат алды. Буллинг пен күнделікті келіспеушіліктің айырмашылығы түсіндіріліп, кемсіту, мазақ ету, әдейі шеттету және психологиялық қысым көрсету сияқты әрекеттердің салдары талқыланды.
Практикалық бөлімде студенттердің белсенді қатысуына негізделген психологиялық жаттығулар мен топтық тапсырмалар ұйымдастырылды. Қатысушылар бірлесіп жұмыс істеу, ортақ шешім қабылдау, бір-бірінің пікірін тыңдау және өзара түсіністік таныту дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмаларды орындады. Жаттығулар барысында топ мүшелері арасындағы сенімнің, қолдаудың және ортақ мақсатқа жұмылудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ қатысушыларға жанжал жағдайларында эмоцияны басқару, өз ойын дұрыс жеткізу, өзгенің пікіріне құрметпен қарау және келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу тәсілдері ұсынылды. Буллингке куә болған жағдайда бейжай қалмау, жәбірленушіні қолдау және қажет болған кезде тиісті мамандардан көмек сұраудың маңыздылығы атап өтілді.
Тренингтің маңызды бағыттарының бірі – топтағы әрбір студенттің ортақ ұжымның ажырамас мүшесі екенін сезіндіру. Қатысушылар арасындағы ынтымақтастықты дамыту арқылы өзара сенімге, жауапкершілікке және сыйластыққа негізделген қарым-қатынас қалыптастырудың маңыздылығы көрсетілді.
Тренинг қорытындысы бойынша студенттер буллингтің алдын алу жеке адамның ғана емес, бүкіл ұжымның ортақ жауапкершілігі екенін түсінуге мүмкіндік алды.
Тренингке Физика-математика факультеті мен Жаратылыстану және география факультетінің тәуекел тобына жататын 60-қа жуық студенті қатысты.
Психологиялық қолдау қызметі