КӘСІПКЕРЛІККЕ БАУЛУ МАҚСАТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

КӘСІПКЕРЛІККЕ БАУЛУ МАҚСАТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Абай университетінде «Адал азамат» жобасы аясында «Кадралиев майы» брендінің негізін қалаушы Берік Кадралиевпен танымдық кездесу өтті. Жиынның негізгі мақсаты – студенттерге кәсіби бағдар беру, табысқа жету жолындағы тәжірибемен бөлісу және жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру.

Кездесу барысында Берік Кадралиев өзінің кәсіби қалыптасу жолы, медицина саласындағы тәжірибесі және кәсіпкерлік бағыттағы ізденістері туралы әңгімеледі. Ол мансап жолында кездескен қызықты оқиғаларымен бөлісіп, кәсіби дамудың, табандылықтың және алға қойған мақсатқа деген жауапкершіліктің маңызына тоқталды.

Еркін форматта өткен басқосуда білім алушылар қонаққа түрлі сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша жауап алды. Сұрақ-жауап барысында мамандық таңдау, кәсіби жолды қалыптастыру, жеке бастама көтеру және кәсіп бастау тәжірибесіне қатысты тақырыптар қозғалды. Қонақ өз тәжірибесіне сүйене отырып, жастарға өмірлік және кәсіби шешімдер қабылдауда белсенді болудың маңызын жеткізді.

Қазіргі таңда жоғары оқу орнына түскен соң студенттер сантүрлі ойға ерік беріп, бастаған оқуын тәмамдамай жатады. Мұның бір себебі кейбір танымал тұлғалардың өмір жолын үлгі етуінде немесе отбасындағы яки жеке басынадағы қиындықтардың әсері деп топшылауға болады. Спикер осы мәселені де тілге тиек етті. Жастарға айтқан сөзінде жоғары білімнің маңызын алға тартып, дұрыс таңдау жасауға кеңес берді.

Мұндай кездесулер студенттердің таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Әртүрлі сала өкілдерінің тәжірибесімен танысу жастарға кәсіби мүмкіндіктерді бағамдап, өз мақсаттарын айқындауға жол ашады.

Абай университеті студенттердің жан-жақты дамуына, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған танымдық кездесулер мен тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыруды жалғастырады.

 

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту