14.10.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ МЕКТЕП ОҚУЛЫҒЫНЫҢ АВТОРЛАРЫ МЕКТЕПТЕ САБАҚ ӨТКІЗДІ
Абай университетінің оқытушы-профессорлары орта мектептерде дәріс оқуларын жалғастырып жатыр. Ғалымдардың кезекті сабағы Алматы облысы Іле ауданы А.Тоқпанов ауылының №42 орта мектебінде өтті. «Ғалыммен сабақ: университет ғылымы – мектеп оқушысына» жобасы аясында болған семинар-сабақта оқулық авторлары сабақ берді.
Іс-шара
университет ғалымдарының ғылыми-әдістемелік тәжірибесін орта білім беру
үдерісімен ұштастыруға, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың тиімді тәсілдерін
таныстыруға бағытталды. Дәрісті Академик С.Қирабаев атындағы Қазақ әдебиеті
және оқыту әдістемесі кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты,
белгілі әдіскер-ғалым, бастауыш сыныптағы "Әдебиеттік оқу" оқулығының
авторы Бидана Қабатай, Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының
профессоры, филология ғылымдарының докторы, орта мектепке арналған Қазақ тілі
мен әдебиеті оқулықтарының авторы Райгүл Рахметова және Академик С.Қирабаев
атындағы Қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы,
философия докторы (PhD), орта мектепке арналған Қазақ тілі мен әдебиеті
оқулықтарын дайындаған Айжан Юсуп жүргізді.
Университет
ғалымдары мектеп мұғалімдері мен 9-10-сынып оқушыларына оқу мақсаттарын дұрыс
белгілеу, қысқа мерзімді сабақ жоспарын тиімді құрастыру, оқу мақсаты, тапсырма
мен бағалау арасындағы бірлікті сақтау, сондай-ақ көркем мәтінді талдаудың
заманауи тәсілдері туралы семинар-дәрістер де өткізді. Сабақтарда авторлық
идеяны анықтау, кейіпкерлер жүйесі мен көркемдік детальдарды талдау, білім
алушылардың оқу жетістіктерін бағалау мәселелері қамтылды.
Дәрістер
теориялық мазмұнмен ғана шектелмей, тәжірибелік тапсырмалармен және өзара пікір
алмасумен толықты. Оқушылар мәтінмен жұмыс істеп, өз ойларын дәлелді жеткізуге,
талдау жасауға және қорытынды шығаруға мүмкіндік алды. Ал мектеп педагогтары
сабақ жоспарлау мен бағалауға қатысты өзекті сұрақтарын қойып, ғалымдардан
ғылыми-әдістемелік ұсынымдар алды.
Оқулық авторлары әрі
әдіскер-ғалымдармен өткен кездесу оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне
қызығушылығын арттырып, оқу материалын ғылыми тұрғыдан түсінуіне ықпал етті. Жоба
университет пен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, педагогтардың кәсіби
тәжірибе алмасуына жол ашты.
Айта кетейік, бұған дейін «Ғалыммен сабақ: университет ғылымы – мектеп оқушысына» жобасы аясында Абай университетінің ғалымдары әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназияда кездесу өткізген болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын ғылыми ізденіске баулу, жоғары және орта білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, педагогтардың кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
«Abai University» медиа орталығы