АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ – ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ – ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ

Абай университетінің 1-курс студенті Әлфия Сыдық таеквондо ITF бойынша Әлем кубогында чемпион атанды. Осыған орай университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп спортшыны қабылдап, жеңісімен құттықтады. Қара шаңырақ атынан қаржылай арнайы сертификат табыстады.

Кездесу барысында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп халықаралық жарыста топ жарып, ел мерейін асқақтатқан студенттің жетістігіне жоғары баға беріп, Әлфия Сыдықтың жеңісі өзге білім алушыларға үлгі болғанын атап өтті.

–  Әлемдік додада жеңіске жетіп, еліміздің және Абай университетінің атын танытуыңыз – үлкен жетістік. Университетімізден талай чемпиондар шыққан, біз олардың әрқайсысына қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз. Алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көрініп, өзіңізден кейінгі буынға үлгі болып, жастарға үлгі бола беріңіз. Әлемдік ареналарда толағай табыстарға жете беруіңізге тілектеспін, – деді Болат Тілеп.

«Қаржы» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Әлфия Сыдық спортпен 11 жасынан бастап айналысады. Оның айтуынша, халықаралық деңгейдегі жарыста чемпион атану – бала кезден бергі арманы. Жас спортшы жеңіске жету жолында жақындарының және университет ұжымының қолдауы маңызды рөл атқарғанын жеткізді.

– Жарыстарға дайындалу барысында қолдау білдірген жақындарыма және Абай университетіне үлкен рахмет айтқым келеді. Ірі турнирлерге қатысу кезінде қаржылық та, психологиялық та қолдау қажет. Мен осындай қолдауды сезіндім. Алдағы уақытта да университеттің абыройын асқақтату үшін бар күшімді саламын, – деді чемпион.

Айта кетейік, таеквондоның ITF бағыты бойынша өткен дүбірлі дода Түркістан қаласында ұйымдастырылып, оған әлемнің 20 елінен келген спортшылар қатысты. Таеквондоның ITF және WT бағыттарының жарыс ережелері мен жекпе-жек жүргізу тәсілдерінде өзіндік ерекшеліктер бар. Ал WT бағыты 2000 жылы Сидней Олимпиадасынан бастап Олимпиада ойындарының ресми бағдарламасына енді.

Әлфия Сыдықтың жеңісі – қажырлы еңбек пен табандылықтың жемісі. Оның халықаралық аренада топ жаруы университет жастарының әлеуетін айқындап, өскелең ұрпақты биік белестерді бағындыруға, асқақ армандарға қол жеткізуге жігерлендіре түспек.

 

«Abai University» медиа орталығы

 

Артқа қайту