13.10.2026
Халықаралық академиялық ұтқырлық: Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты Түркияда өнер мен ғылымды ұштастыруда
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультеті, 7М02125 – Дизайн білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Кожамуратова Айтолқын Шынболатқызы 2026 жылғы 14 қыркүйек пен 2027 жылғы 15 қаңтар аралығында Түркия Республикасының Анталья қаласындағы Акдениз университетінде Memorandum of Understanding (MoU) негізіндегі халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуда.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 2026 жылдың 9-11 қазан аралығында өткен BİLİM, TEKNOLOJİ VE SANAT KONGRESİ (Science, Technology and Art Congress) халықаралық ғылыми конгресіне қатысып, Кожамуратова Айтолқын сән дизайны саласындағы ғылыми зерттеу тақырыбы бойынша баяндама жасады. Халықаралық ғылыми конгреске қатысу магистранттың ғылыми-зерттеу нәтижелерін халықаралық академиялық ортада таныстыруына және кәсіби ғылыми байланыстарын кеңейтуіне мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, конгресс аясында Кожамуратова Айтолқын қолөнер мен сән дизайнының өзара байланысына арналған практикалық шеберлік сабағын (workshop) өткізді. Шеберлік сабағы қолөнер техникасының сәндік және көркемдік мүмкіндіктерін сән дизайнында қолдануға бағытталды. Магистранттың халықаралық ғылыми конгреске қатысуы, ғылыми баяндамасын ұсынуы және практикалық шеберлік сабағын өткізуі оның ғылыми-зерттеу және шығармашылық қызметінің өзара сабақтастығын көрсетті.