12.10.2026
ҚАРА ШАҢЫРАҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРЫП КЕЛЕДІ
Заманауи университет – тек дәрісханалар мен аудиториялардың жиынтығы емес, бұл – білім, ғылым, шығармашылық пен әлеуметтік белсенділік тоғысқан тұтас экожүйе. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі оқытушылар құрамымен, академиялық бағдарламаларымен, сонымен бірге студенттерге ұсынылатын инфрақұрылымның сапасымен де тікелей өлшенеді. Биыл жазда Абай университетінің бас корпусына күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілгені белгілі. Осы орайда университетіміздің инфрақұрылымы айтарлықтай жаңартылып, студенттердің бос уақытын тиімді өткізуіне және сапалы білім алуына арналған жаңа орындар ашылды.
Білім ордасында студенттік инфрақұрылымды модернизациялау және оны заман талабына сай бейімдеу бағытында ауқымды жұмыстар жыл сайын жүзеге асырылып келеді. Оқу корпустарында ашылған заманауи коворкинг зоналары студенттердің сүйікті мекеніне айналған. Жоғары жылдамдықты WI-FI желісімен, ұялы телефондарды қуаттауға арналған нүктелермен, жұмсақ жиһаздармен жабдықталған бұл аймақтарда кез келген студент үзіліс уақытында еркін жұмыс істей алады. Сондай-ақ коворкинг кеңістігінде тек сабаққа дайындалып қана қоймай, студенттік жобаларды талқылауға, стартап идеяларды ортаға салуға және пікірталастар өткізуге мүмкіндік бар. Ашық әрі жарық орындар студенттердің шығармашылық әлеуетін арттырып, топтық жұмыс мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Нәтижесінде талай жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген бас корпустың бірнеше қабатында студенттерге арналған жаңа коворкинг орындары ашылды.
Сонымен қатар университет қабырғасында сапалы кофе мен жеңіл тағамдар ұсынатын жаңа кофехананың бүгін ресми түрде тұсауы кесілді. «Арман» кофеханасы – студенттерге арналған жайлы әрі заманауи кеңістік. Мұнда тамақтанудан бөлек, сабаққа дайындалып, жобаларды талқылап, достармен еркін отыруға қажетті барлық жағдай жасалған. Корпустарда орналасқан заманауи кофеханалар мен кофе-поинттер студенттерге хош иісті сусындар мен сүйікті тағамдарын ұсынады. Кофеханалардың жылы атмосферасы студенттерге бейресми жағдайда пікір алысып, жаңа достар табуға, факультетаралық байланысты нығайтуға көмектеседі. Ал оқу корпустарының дәліздерінде орнатылған арнайы жұмсақ демалыс аймақтары мен жайлы орындықтар студенттерге кітап оқуға, музыка тыңдауға немесе жай ғана тынығып алуға жағдай жасайды.
Студенттерге
арналған инфрақұрылымның жүйелі түрде дамуы – бұл болашақ мамандардың
интеллектуалды, физикалық және рухани тұрғыда жан-жақты қалыптасуына жасалған
негізгі қадам.
«Abai University» медиа орталығы