12.10.2026
АБАЙ-ФУДАНЬ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТА ТҮСЕДІ
Абай университетінде Қытайдың
жетекші жоғары оқу орны – Фудань университетінің өкілдерімен ресми кездесу
өтті. Шараның басты мақсаты – екі университет арасындағы академиялық және
ғылыми байланыстарды нығайту, бірлескен білім беру жобаларын дамыту және
халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру.
Кездесуде серіктестіктің басым
бағыттарының бірі ретінде жасанды интеллект пен педагогикалық білім беруді
цифрлық трансформациялау мәселесіне ерекше ден қойылды. Мәселен, білім берудегі
жасанды интеллект бағыты бойынша бірлескен зерттеу зертханасын құру, цифрлық
білім беру ресурстарын әзірлеу және оқытушылардың біліктілігін арттыру
бағдарламаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыға түсті. Сонымен қатар жасанды
интеллектіні математика, жаратылыстану ғылымдары, тілдер және педагогикалық
пәндерді оқыту үдерісіне енгізудің маңыздылығы да сөз болды.
Серіктестік – қазіргі таңда
қарапайым мектептен бастап мемлекетке дейінгі көлемдегі маңызды бағытқа
айналған ұғым. Ал жоғары оқу орындары арасындағы бірлесе атқарылатын шаралардың
екі тарапқа да пайдасы орасан. Оқу орнының халықаралық рейтингі көтеріліп,
еңбек нарығына сұранысқа ие жоғары білікті мамандар қосылады.
Іс-шара барысында академиялық
ұтқырлықты кеңейту, магистранттар мен докторанттарға арналған зерттеу
бағдарламаларын әзірлеу, қос дипломды білім беру мүмкіндіктерін қарастыру
туралы ой талқыға салынды.
Абай университеті мен Фудань
университеті арасындағы әріптестікті дамыту халықаралық академиялық байланысты
нығайтуға, ғылыми әлеуетті арттыруға және білім беру саласындағы инновацияларды
ілгерілетуге мүмкіндік береді. Тараптардың ортақ бастамалары педагогикалық
білім берудің сапасын жетілдіруге және халықаралық тәжірибені отандық білім
беру жүйесіне енгізуге бағытталған.
Жиында сөз сөйлеген Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова аталған
тақырыптарды атап өтіп, осыған жауапты бір адам қою керегін алға тартты. Ал
қытайлық делегация мемлекет тарапынан көмек болса, жұмыла көтерген жүктің жеңіл
болатынын жеткізді.
Фудань университеті Қытайдың
Шанхай қаласында 1905 жылы құрылған жетекші жоғары оқу орындарының бірі.
Қытайдың беделді жоғары оқу орындарын біріктіретін «C9 League» қауымдастығының
мүшесі. Университеттің білім беру сапасы мен ғылыми-зерттеу әлеуеті жоғары.
Мысалы, «QS World University Rankings 2026» рейтингінде әлем бойынша 30-орынға,
ал «Times Higher Education (THE) World University Rankings 2026» рейтингінде
36-орынға тұрақтаған.
Қос университет арасындағы серіктестік
2024 жылы басталған. Атап айтсақ, Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі
проректор Айгүл Искакова мен Халықаралық
ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапарғалиева Фудань
университетімен ынтымақтастықты дамытуға арналған жол картасын әзірлеген.
Талапқа сәйкес, ол картада бірнеше бағыт қамтылған.
Айта кетейік, кездесу мұнымен
аяқталмай, қонақтар білім алушылармен кездесті. Аспан асты елінің делегациясын
бастап келген Фудан университеті Басқарма төрағасының орынбасары және Жоғары
білім беру мектебінің атқарушы деканы Чэнь Янь білім алушыларға дәріс оқыды.
«Abai University» медиа орталығы