12.10.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ФУЧЖОУ УНИВЕРСИТЕТІ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТПАҚ
Абай университеті мен Қытайдың Фучжоу
университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қытайда
өткен университет өкілдерімен кездесуде білім беру бағдарламаларын бірлесіп
әзірлеу, академиялық ұтқырлықты кеңейту және ғылыми-педагогикалық тәжірибе
алмасу мәселелері талқыланды. Аталған бағыттар аясында өнер және дизайн
саласындағы әріптестікті дамыту қолға алынбақ.
Фучжоу университеті Қытайдың
Фуцзянь провинциясындағы Фучжоу қаласында орналасқан, 1958 жылы құрылған
беделді мемлекеттік жоғары оқу орны. Білім ордасы инженерия, химия және
материалтану салаларындағы ғылыми зерттеулерімен танымал әрі Қытайдың «211
жобасы» және «Қос бірінші дәрежелі университеттер» бағдарламаларына кіреді.
Оған қоса, 2025 жылғы Шанхай рейтингі (ARWU) бойынша әлемдегі үздік 301-400
университеттің қатарына енген.
Қытай тарапынан кездесуге партия
комитетінің хатшысы, Сямэнь кампусының әкімшілік комитеті директорының бірінші
орынбасары Линь Цзиньцян бастаған ғалымдар мен оқытушылар келді. Ал Абай
университетінен Академиялық мәселелер департаментінің директоры Еркін
Нұрсағатқызы, Көркем білім кафедрасының меңгерушісі Айдын Тоқтасынұлы және
қытай тілі бойынша аудармашы маман Аида Жандосқызы қатысты.
Кездесу барысында магистратура
деңгейінде «2+0» форматындағы бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеуге
басымдық берілді. Оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, педагогикалық
және басқарушылық тәжірибе алмасу, серіктес оқу орнының мамандарын ғылыми
жетекшілікке тарту бағыттары қамтылды. Ғылыми ынтымақтастық шеңберінде
бірлескен зерттеулер жүргізу және олардың нәтижелерін ғылыми басылымдарда
жариялау мәселелесі де талқыға түсті.
Өнер және дизайн саласындағы
әріптестік аясында Қазақстан-Қытай өнер білімі бойынша бірлескен практика
базасын құру, сондай-ақ Абай университетінің өнер бағытындағы білім
алушыларының Сямэнь өнер және дизайн институтында кәсіби тәжірибеден өту
мүмкіндіктері талқыланды. Институттың кескіндеме, мүсін, сәндік-қолданбалы
өнер, визуалды коммуникация және цифрлық медиа өнері салаларындағы тәжірибесі
бірлескен оқу-шығармашылық жобаларды дамыту тұрғысынан қарастырылды.
Айта кетейік, меморандум қос тарап арасындағы білім беру, ғылым, өнер және дизайн салаларындағы ынтымақтастықты жүйелі дамытуға негіз болары анық.
«Abai University»
медиа орталығы