ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭНДАУМЕНТ ҚОРЛАРДЫҢ VI КӘСІБИ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭНДАУМЕНТ ҚОРЛАРДЫҢ VI КӘСІБИ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

          Астанада Қазақстанның эндаумент-қорлары, жоғары оқу орындары және басқарушы компаниялар өкілдерінің VI кәсіби кездесуі өтті. Аталған іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ Түлектер қауымдастығының жетекшісі, әрі «Abai Endowment Fоund» корпоративтік қорының директоры Болатбек Нұрбатыров қатысып, эндаумент қорлары туралы маңызды ақпараттар бойынша тәжірибе алмасты.

Кездесуде эндаумент-қорларының білім беру, ғылым, медицина және қоғам үшін маңызды өзге де салаларды тұрақты қолдаудағы рөлі сөз болды. Негізгі назар эндаумент-қорлардың қызметінде исламдық қаржыландыру құралдарын пайдалану мүмкіндіктеріне аударылды.

Қатысушылар исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаттарын, Қазақстанның қаржы нарығындағы қолжетімді инвестициялық құралдарды, қор активтерін тиімді басқару тетіктерін және осы саладағы құқықтық талаптарды талқылады. Сонымен қатар ұлттық қайырымдылық дәстүрлерін заманауи қаржылық тәсілдермен ұштастырудың маңызы атап өтілді.

Кездесу барысында эндаумент-қорлардың тұрақтылығын арттыру, мақсатты капиталды тиімді инвестициялау, басқарушы компаниялармен өзара іс-қимылды дамыту және білім беру мен ғылыми жобаларды қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктері жөнінде тәжірибе алмасылды. Сондай-ақ, баяндамашылар исламдық қаржы құралдарын эндаумент-қорларының қаражатын басқаруда балама құрал ретінде қолдану мүмкіндіктерін талқылады.

Шараға еліміздің түрлі жоғары оқу орындарынан келген эндаумент-қорларға жауапты мамандар қатысып, спикерлерге сұрақтарын қойып, өз тәжірибелері мен пікірлерін ортаға салды.

Аталған басқосу «Abai Endowment Fоund» корпоративтік қоры үшін мақсатты капиталды басқарудың озық тәжірибелерін зерделеуге, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және университеттегі білім беру мен ғылыми бастамаларды ұзақ мерзімді қолдаудың тиімді тетіктерін айқындауға мүмкіндік берді.

Жиын қорытындысында шараға арнайы келген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Ержан Әмірбекұлы ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдіріп, алғыс сертификаттарын табыстады.

                                                                                                                                                                                                                                                               «Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту