09.10.2026
БАЛА ТҰЛҒАСЫ ЖӘНЕ ПЕДАГОГ КӘСІБИЛІГІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫН ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде «Бала тұлғасы және педагог кәсібилігі: мектепке дейінгі білім берудегі іргелі және қолданбалы зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік Open Space өтті.
Іс-шара мектепке дейінгі білім
беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылауға, бала тұлғасын қалыптастырудың
ғылыми-педагогикалық негіздерін зерделеуге және білім беру тәжірибесіне
заманауи зерттеу нәтижелерін енгізу жолдарын қарастыруға арналды. Халықаралық
ғылыми-тәжірибелік алаңда мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру, баланың
жеке ерекшеліктерін ескере отырып дамыту, педагогтың кәсіби құзыреттілігін
жетілдіру және білім беру үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізу мәселелері
талқыланды. Сонымен қатар, іргелі және қолданбалы зерттеулердің нәтижелерін
тәжірибеде қолдану, педагогикалық ғылым мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты
нығайту мәселелеріне назар аударылды.
Бүгінгі бала ақпаратты бұрынғыдан
ерте қабылдайды, цифрлық ортаға тез бейімделеді, сұрақ қояды, өз ойын еркін
жеткізуге ұмтылады. Оның сөйлеуі, ойлауы, қиялы, қарым-қатынасы мен эмоциясын
басқаруы да өзіндік ерекшелікке ие. Мұндай өзгеріс балабақшадағы тәрбиешіге де
жаңа міндет жүктейді. Баладағы даму ерекшелігін ерте байқау, оның қабілетін ашу
және қиындықтардың алдын алу үшін педагогқа қандай білім мен құрал қажет?
Бүгінгі тәрбиеші қандай болуы керек? Open Space барысында мамандар осы сұрақтар
бойынша баяндамалар жасады. Жиында отандық және шетелдік ғалымдар мен педагогтар
тәжірибе алмасып, мектепке дейінгі білім беруді жетілдіруге бағытталған нақты
ұсыныстарын ұсынды. Алаңда ғылыми-әдістемелік көрме, пленарлық және
фокус-сессиялар, шеберлік сыныбы қарастырылды.
Open Space жұмысына сәйкес, №187
бөбекжай-балабақшасы базасында «USHQYN LAB» ғылыми-инновациялық зертханасы ашылғанын
айта кету керек. Зертхана ғылым мен балабақша тәжірибесін тоғыстыруды мақсат
етеді.
Іс-шара педагогика ғылымдарының
кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұлбосын Қыяқбаеваның 60 жас мерейтойына
арналған. Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп мерейтой
иесіне құттықтау сөзін жолдап, «Абай» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ ҚР
Оқу-ағарту министрлігінің вице-министрі Шынар Ақпарованың құттықтау хаты мен еліміздің
бірқатар жоғары оқу орны басшылары атынан жолданған құттықтаулар оқылып,
сый-сияпаттар жасалды.
Қазіргі мектепке дейінгі білім
беру жүйесіндегі басты міндеттердің бірі – баланың жеке тұлғалық дамуын
қамтамасыз ете отырып, оның танымдық қабілеттерін, шығармашылық әлеуетін,
әлеуметтік дағдыларын қалыптастыру. Бұл тұрғыда педагогтың кәсіби шеберлігі,
ғылыми-әдістемелік даярлығы мен әр баланың жеке ерекшеліктерін ескере білуі
ерекше маңызды. Аталған міндеттерді тиімді шешу үшін педагогикалық әдістерді
кеңінен қолданып, тәрбиешілердің кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыру,
инновациялық технологияларды енгізу қажет.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік Open Space осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға, мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға бағытталған тиімді шешімдерді қарастыруға мүмкіндік берді.
«Abai University» медиа орталығы