«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ

Бүгін Абай университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында профилактикалық дәріс-кездесу өтті. Білім алушылар арасында діни сауаттылықты арттыру, діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуының алдын алу, құқықтық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында өткен жиында қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Кездесуде Алматы қаласы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы, Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының сарапшысы Өтебаева Динара Сахибқызы дәріс оқыды. Спикер діни экстремизмнің қоғамға тигізетін кері әсері мен оның алдын алу жолдары туралы пайдалы ақпаратпен бөлісті. Жиында зайырлылық, зайырлы мемлекеттің артықшылықтары, экстремизм ұғымы, діни-экстремистік ағымдардың негізгі белгілері және олардың алдын алу тетіктері туралы жан-жақты түсініктеме берілді.

Сонымен қатар кездесуде жастардың діни ақпаратты қабылдау кезінде сыни ойлау қабілетін қалыптастыру, әлеуметтік желілердегі күмәнді діни контенттен сақтану және деструктивті идеологияның ықпалына түспеудің маңызына ерекше назар аударылды. Мамандар білім алушыларды кез келген ақпаратқа сыни көзқараспен қарап, діни мәселелер бойынша тек сенімді әрі ресми дерек көздеріне жүгінуге шақырды.

Профилактикалық кездесуде білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманмен пікір алмасты. Ашық форматта өткен диалог барысында жастардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар сөз болып, экстремизм мен терроризмнің алдын алуда білім беру ұйымдарының рөлі айтылды.

Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, бейбітшілік пен келісім құндылықтарын нығайтуға бағытталған. Теріс ақпаратқа қарсы иммунитет қалыптастыру, анализ жасау дағдыларын көбі біле бермейді. Мамандармен кездесу аталған қауіптің алдын алары сөзсіз.

Педогогиканың қара шаңырағына айналған Абай университеті болашақ ұстаздарды даярлап, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мамандарды қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, болашақ педагогтардың діни сауаттылығын арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Кездесу соңында бейбітшілік құндылықтарын шәкірттеріне дұрыс жеткізе алатын білікті әрі жауапты ұстаз болудың маңыздылығы аталды.

 

«Abai University» медиа орталығы

 

Артқа қайту