НҰРДӘУЛЕТ АҚЫШ УНИВЕРСИТЕТТЕ ҚОНАҚТА БОЛДЫ

НҰРДӘУЛЕТ АҚЫШ УНИВЕРСИТЕТТЕ ҚОНАҚТА БОЛДЫ

Бүгін Абай университетінде белгілі жазушы, әдебиеттанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, университет түлегі Нұрдәулет Ақыштың шығармашылығына арналған «Сөз бен сезім сабақтастығы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Тағылымды басқосуға университет ғалымдары мен студенттер қатысты.

Әдеби кештің негізгі мақсаты – қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан қаламгердің шығармашылық жолын кейінгі буынға таныстыру, оның ғылыми-зерттеу еңбектерін насихаттау және студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Кеш барысында алдымен Нұрдәулет Ақыштың өмірі туралы бейнеролик көрсетілді. Шараны Зерттеу және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан ашып, ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбегі туралы айтты. Нұрдәулет Ақышқа Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілептің арнайы алғыс хаты мен «Абай» төсбелгісі табысталды. Бұл марапат қаламгердің әдеби сынға, отандық әдебиеттану ғылымына және университеттің ғылыми-шығармашылық әлеуетіне қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.

Шарада университеттің 1-курс студенттері Нұрдәулет Ақышқа арнайы арнауларын ұсынды. Қайта жаңғырған С.Сейфуллин атындағы ғылыми-шығармашылық орталықтың студенттері өнер көрсетіп, монолог оқыды. Жас буын өкілдерінің жүрекжарды тілектері мен әдеби шығармашылыққа деген қызығушылығы кештің мазмұнын байыта түсті.

Кеште сөз алған Нұрдәулет Ақыш жастарға деген сенімін білдіріп, студенттерден үлкен үміт күтетінін жеткізді. Ол жас ұрпақтың білімге, ғылымға, және шығармашылыққа ұмтылуы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтіп, студенттерге сәттілік тіледі. Сонымен қатар өзіне көрсетілген құрмет үшін университет басшылығына алғысын білдірді.

Әдеби кештің мазмұнды бөлімдерінің бірі – Нұрдәулет Ақыш шығармашылығын талдауға арналды. Жазушының еңбектерін арнайы зерттеп жүрген Ерсай Хасенұлы оның әңгімелеріне стилистикалық талдау жасады. Зерттеуші көркемдік ерекшеліктер мен сөз қолданысына назар аударып, оның әдеби үдерістегі өз қолтаңбасын сөз етті. Ал абайтанушы-ғалым, «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет жазушы туралы естеліктерімен бөлісті. Кешке қатысқан жазушы Әлібек Байбол Нұрдаулет Ақыш туралы жылы естеліктерін ортаға салды. Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, еркін форматта пікір алмасты.

Әдеби-сазды кешті қорытындылаған Филология факультетінің деканы Ботакөз Тұрғамбайқызы университеттің ғылыми-әдеби іс-шараларына белсенді қатысатын қаламгердің еңбегі мен азаматтық ұстанымына алғыс айтты. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымының атынан Нұрдәулет Ақышқа «Медетбек батыр» медалі табысталып, иығына шапан жабылды.

«Сөз бен сезім сабақтастығы» атты әдеби-сазды кеш Нұрдәулет Ақыштың шығармашылық және ғылыми жолын жастарға таныстырып қана қоймай, аға буын мен жас ұрпақ арасындағы әдеби сабақтастықты нығайтқан мазмұнды кездесу болды. Онда әдебиетке құрмет, ғылымға қызығушылық және ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыс айқын көрініс тапты.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту