«Жаңа буын мұғалімі»: түлектердің сабақтар конкурсының қорытындысы шығарылды

«Жаңа буын мұғалімі»: түлектердің сабақтар конкурсының қорытындысы шығарылды

2026 жылғы 3 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінде халықаралық қатысумен өткен «Жаңа буын мұғалімі» атты түлектердің II республикалық сабақтар конкурсының қорытындысы шығарылды.

Конкурс тәжірибе алмасуға және бастауыш мектепте оқытудың заманауи әдістемелерін таныстыруға арналған интерактивті білім беру платформасын құруға, жас педагогтердің кәсіби өсуіне және бірінші курс студенттерінің педагогикалық практикаға қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған.

Конкурстық комиссияға Бастауыш білім беру кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А. Е. Жумабаева төрағалық етті. Қазылар алқасының құрамына кафедра өкілдері А. Б. Акпаева, Л. А. Лебедева, М. Т. Бекбаева, сондай-ақ EPG PROMETHEUS SCHOOL мектебінің мұғалімдері Н. В. Верзилова мен С. К. Мухакожаева кірді.

Конкурстық материалдар әдістемелік сауаттылық, әдістеменің өзектілігі, материалды шығармашылықпен ұсыну, тапсырмалардың алуан түрлілігі мен оқушыларды оқу үдерісіне тарту, сабақ құрылымының қисындылығы ескеріле отырып бағаланды. Қазылар алқасы интерактивті, ойын, STEAM және цифрлық технологиялардың қолданылуын, сондай-ақ ұсынылған сабақтардың практикалық маңызын атап өтті.

Конкурс қорытындысы бойынша екі бірінші, төрт екінші және екі үшінші орын берілді.

I орын. Н. Амитова мен С. Есполова — «Отбасының қоғам өміріндегі орны» (4-сынып); Г. Берікқызы мен Д. Кенжебаева — «Халық ақыны. Жамбыл Жабаев (1846–1945)» (3-сынып).

II орын. Ә. Курканбек пен А. Слугина — «Өрнектердің мәндерін тиімді тәсілмен табу» (2-сынып); П. Перкова — «Екі таңбалы сандарды салыстыру» (2-сынып); М. Шекер мен А. Азамат — «STEAM технологиясы: тыныс алу жүйесін модельдеу» (3-сынып); Э. Аманжолова мен Н. Абдрахимова — «Өтілген материалды қорытындылау» (4-сынып).

III орын. К. Султанова мен М. Аширбакиева — «“Ер Тарғын” батырлық жыры» (4-сынып); К. Грамматикопуло — «Өсімдіктерді жойылып кетуден қалай қорғауға болады?» (4-сынып).

Жеңімпаздар дипломдармен және медальдармен марапатталды. Конкурстық комиссия қазылар алқасының мүшелеріне, соның ішінде EPG PROMETHEUS SCHOOL мектебінің педагогтеріне, конкурстық материалдарды сараптап, жұмыстарды бағалағаны үшін алғыс білдіреді. Конкурстың ұйымдастырушылары әрі меценаттары — Бастауыш білім беру кафедрасының профессорлары А. Б. Акпаева мен Л. А. Лебедева.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз және алдағы кәсіби қызметтеріне табыс тілейміз!

Артқа қайту