БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМДЕР ҰСТАЗДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

    Абай университетінде 1 қазанда басталған ҚР Жоғары білім қызметкерлері күні мерекесі толастамай, бүгін 5 қазанда тойланатын Мұғалімдер күніне ұласты. Болашақ педагогтар өз ұстаздарына ерекше құрмет көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Университеттің кіреберісінде студенттер оқытушы-профессорларды әнмен қарсы алып, арнайы дайындалған әсемхаттар мен тәттілерін табыстады.      

    Таңертең басталған ерекше бастама университет өкілдеріне мерекелік атмосфера тарту етті. Бас корпустың дәлізінде өткен музыкалық қарсы алу шәкірттің ұстазға деген құрметін, еңбегіне деген алғысын білдірді.

    Іс-шара барысында ұстаздарға арнайы дайындалған әсемхаттар мен тәттілер үлестірілді. Білім алушылардың оқытушыларға берген сыйлығы, тәлімгерлердің мерекелік күнді жағымды әсермен бастауына себеп болды.

    Одан кейін білім ордасындағы мерекелік жиын «Ұстаз – ұлы тұлға» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Кештің ашылуында білім ордасындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Берікжан Айтқұлұлы құттықтау сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді. Концерттік бағдарламада ән-күй, поэзиялық композиция, би, театрландырылған көрініс және хор сияқты шығармашылық нөмірлер орындалды.

    «Ұстазға құрмет – білімге құрмет» деген ұстанымды негізге алған студенттер бұл құттықтау арқылы өздеріне білім мен тәрбие беріп жүрген ғалымдарға алғыс білдірді. Себебі ұстаздың еңбегі – дәріс берумен ғана шектелмей, шәкірттің тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар беретін маңызды миссия.

    Абай университеті – ең бірінші педагог даярлайтын қара шаңырақ. Сондықтан мұнда мұғалім еңбегін құрметтеудің орны ерекше. Студенттердің бүгінгі бастамасы да университеттегі ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастықтың және өзара сыйластықтың жарқын көрінісін айшықтағандай.

    Думанды жиын барысында педагогикалық қауым студенттерге алғысын айтып, ыстық лебіздерін аямады. Осындай жылы қарым-қатынасқа негізделген бастамалар университеттің білім беру ортасын ғана емес, рухани-адамгершілік құндылықтарын да нығайта түсетінін атап өтті.

    Айта кетейік, ҚР Жоғары білім қызметкерлері күні мен Мұғалімдер мерекесі екі бөлек күнде тойланады. 1 қазан – еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы ҚазҰПУ-дың туған күніне орай 2024 жылдың 11 маусымында кәсіби мерекелердің тізіміне енсе, Мұғалімдер күні 2023 жылдан бастап Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сабақтасып, 5 қазанға бекітілді. Ал бұған дейін қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін.

                                                                                                                                                                                                                                                                                           «Abai University» медиа орталығы