БАЛАНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛЕМІН ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН МАМАНДАР СЫНҒА ТҮСТІ

Абай университетінде әлеуметтік педагогика бағытының бірінші курс студенттері арасында «Бірге бірінші қадам» атты танымдық-тәжірибелік сайыс өтті. Болашақ мамандардың кәсіби білімін жетілдіру, әлеуметтік-педагогикалық жағдаяттарды талдау қабілетін дамыту және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шара студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.

Әлеуметтік педагог кім? Бұл сұрақтың жауабы бір ғана анықтамамен шектелмейді. Әлеуметтік педагог – баланың қоғамға бейімделуіне, отбасымен, мектеппен және құрдастарымен дұрыс қарым-қатынас орнатуына ықпал ететін маман. Ол білім алушының әлеуметтік ортасын зерделеп, туындауы мүмкін қиындықтарды ерте анықтауға және олардың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізеді.

Әлеуметтік педагогика баланың әлеуметтік дамуы мен тәрбиесін, оның қоғамдағы орнын қалыптастыру мәселелерін қарастырады. Сондықтан бұл мамандық педагогикалық біліммен қатар, адамды тыңдай білу, байланыс орнату, әлеуметтік жағдайды саралау және тиімді шешім ұсыну қабілетін талап етеді.

Қазіргі таңда бұл бағыттың өзектілігі артып отыр. Баланың әлеуметтік ортасы отбасы мен мектептен ғана тұрмайды. Цифрлық кеңістіктің кеңеюі құрдастар арасындағы қарым-қатынастың жаңа формаларын қалыптастырды. Буллинг пен кибербуллинг, әлеуметтік оқшаулану, отбасындағы келіспеушіліктер және құрдастарымен өзара қиындықтар баланың әлеуметтенуіне әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда әлеуметтік педагогтың жұмысы мәселені шешумен ғана емес, оның туындауына жол бермеуге бағытталған алдын алу шараларымен де тығыз байланысты.

Әлеуметтік педагог үшін кәсіби біліммен қатар, эмпатия, жауапкершілік, сабырлылық, коммуникациялық қабілет және топпен жұмыс істей білу маңызды. Өйткені маман бір баламен ғана емес, оның ата-анасымен, мұғалімдермен, сыныптастарымен және қажет болған жағдайда басқа да мамандармен бірлесіп жұмыс істейді.

«Бірге бірінші қадам» сайысы осы кәсіби дағдыларды студенттердің бойында қалыптастыруға бағытталды. Қатысушылар үш топқа бөлініп, әлеуметтік педагогиканың негізгі ұғымдары мен қағидаларына қатысты сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар нақты жағдаяттарды талдап, ұсынылған әлеуметтік-педагогикалық мәселелердің шешу жолдарын қарастырды. Тапсырмалар барысында студенттердің тек теориялық білімі ғана емес, пікірін дәлелдеу, өзара пікір алмасу, ортақ шешім қабылдау және топ мүшелерімен бірлесе әрекет ету қабілеті де сыналды.

Сайыстың тағы бір ерекшелігі – шараға көрерменнің де белсенді қатысуы. Студенттердің тапсырмаларды орындау барысын бақылаған білім алушылар әлеуметтік педагогиканың мазмұны мен болашақ маманның қызметі туралы қосымша мағлұмат алды.

Бірінші курс студенттері үшін бұл сайыс – таңдаған мамандығын тереңірек танып, оның талаптарын тәжірибе арқылы сезінуіне мүмкіндік берді. Ал әлеуметтік педагог үшін алғашқы қадам әрдайым адамды түсінуден басталады.

 

«Abai University» медиа орталығы