БАСШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ҮШ КҮНДІК ИНТЕНСИВ ӨТТІ

    Абай университетінде басшыларға арналған үш күндік бизнес-тренинг өтті. Іс-шара жасанды интеллект құралдарын басқару және күнделікті жұмыс үдерістерінде практикалық тұрғыда қолдануға арналды. 

    Үш күндік оқыту барысында қатысушылар жасанды интеллектінің қазіргі мүмкіндіктерімен танысып қана қоймай, оны нақты жұмыс міндеттерін шешуге қалай бейімдеуге болатынын тәжірибе жүзінде қарастырды. Спикер ретінде сабақтарды Абай университетінің «Жасанды интеллект» зертханасының меңгерушісі Санжар Аубакиров жүргізді. Бағдарлама теориялық түсіндірулермен қатар, нақты тапсырмаларды орындауға бағытталған практикалық жұмыстардан тұрды. Қатысушылар нейрондық желілердің жұмыс істеу қағидаларымен танысып, заманауи AI-модельдердің мүмкіндіктерін пайдаланды. Модельдің қандай жағдайда қате жіберуі мүмкін екенін, ақпараттың дұрыстығын қалай тексеру керектігін, адамның бақылауы қандай кезеңдерде қажет екенін тәжірибе барысында жүзеге асырды. Сонымен бірге жасанды интеллектімен жұмыс істеуде маңызды саналатын сұрақтарды-тапсырмаларды дұрыс қою, қажетті контекст беру, нәтижені тексеру және модельдің қателесу себептерін түсіну мәселелерін талқылады.

    Интенсивке Абай университеті мен Innoforce қызметкерлері, кәсіпкерлер, түрлі ұйымдардың басшылары, сондай-ақ Astana Hub-тан келген қонақтар қатысты. Қатысушылардың кәсіби бағыттарының әртүрлі болуы оқыту барысында жасанды интеллектіні қолданудың түрлі сценарийлерін талқылауға мүмкіндік берді.


    Оқыту қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды. Университет және бизнес өкілдерінің бір алаңда бас қосуы білім беру саласындағы технологиялық өзгерістерді ғана емес, ұйымдардың нақты практикалық қажеттіліктерін де талқылауға жағдай жасады. Ұйымдағы цифрлық трансформация жаңа технологияны енгізумен шектелмейтіні де атап өтілді. Ол жұмыс тәсілдерін қайта қарауды, қызметкерлердің жаңа құралдармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруды және алынған нәтижелерді жүйелі түрде бағалауды талап етеді. Бөлімше немесе ұйым жұмысына AI енгізуді неден бастау керектігіне назар аударылды. Бұл ретте алдымен күнделікті қайталанатын, көп уақыт алатын, құрылымдауға келетін процестерді анықтау, содан кейін оларды автоматтандырудың ықтимал жолдарын қарастыру мәселелері көтерілді.

    Алдағы уақытта мұндай практикалық бағдарламалар білім беру ұйымдары, бизнес және басқа да салалар өкілдерінің жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеруіне, оларды нақты жұмыс процестеріне енгізуге ықпал ететін алаңға айналуы мүмкін. Қазіргі таңда Абай университетіндегі «Жасанды интеллект» зертханасының сайты арқылы қосымша пайдалы мәліметтерге қол жеткізуге мүмкіндік бар.

                                                                                                                                                                                                                                                                                           «Abai University» медиа орталығы