02.10.2026
Нархоз университетінде өткен «Mind Help - Psycho Express» іс-шарасына мамандар қатысты
2026 жылғы 1 қазанда КеАҚ «Нархоз университетінің» базасында «Mind Help: Жедел психологиялық қолдау моделі» атты ғылыми-практикалық іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарындағы психологиялық қолдаудың тиімді модельдерін талқылау, студенттерге жедел психологиялық көмек көрсету тәжірибесін жетілдіру, дағдарыстық жағдайлардың алдын алу бағытында кәсіби тәжірибе алмасу және Алматы қаласындағы Жоғары оқу орындарының психологиялық қызметтері арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің атынан Психологиялық қолдау қызметінің жетекшісі С. Қосбай және психолог Ә. Жусупекова қатысты.
Іс-шараның алғашқы бөлімі «Жасөспірімдер мен ересектердегі суицидтік мінез-құлық: ерте анықтау, дағдарыстық психологиялық көмек және алдын алу» тақырыбындағы ғылыми-практикалық семинарға арналды. Семинарды медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, психотерапевт Сергей Скляр жүргізді. Семинар барысында жасөспірімдер мен ересектердегі суицидтік мінез-құлықтың негізгі қауіп факторлары, дағдарыстық жағдайларды ерте анықтау, суицидтік тәуекел белгілерін тану, кризистік психологиялық көмек көрсету алгоритмдері және алдын алу жұмысының заманауи тәсілдері қарастырылды. Сонымен қатар психологиялық қызмет мамандарының күрделі жағдайлармен жұмыс істеу ерекшеліктері, мамандар арасындағы өзара іс-қимыл және қажет болған жағдайда медициналық-психотерапиялық көмекке бағыттау мәселелері талқыланды.
Семинардың маңызды ерекшелігі – теориялық білімді практикалық тәжірибемен ұштастыруға бағытталуы. Қатысушылар нақты кәсіби жағдайларды талдау, дағдарыс кезіндегі маманның әрекет ету алгоритмдері және студенттермен психологиялық жұмыс жүргізудің тиімді тәсілдері бойынша пікір алмасты.
Іс-шараның екінші бөлімі Psycho Express форматында ұйымдастырылып, Нархоз университетінің студенттеріне жедел психологиялық консультациялар өткізілді. Бұл формат студенттерге психологиялық қиындықтарын маманмен қысқа мерзімді, қолжетімді және кәсіби форматта талқылауға, ал психологтарға студенттердің өзекті сұраныстарын тәжірибелік тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік берді.
«Mind Help: Жедел психологиялық қолдау моделі» форматының негізгі құндылығы – студенттің психологиялық көмекке жүгінуін жеңілдету және қажетті жағдайда маман көмегін дер кезінде ұсыну.
Абай атындағы ҚазҰПУ Психологиялық қолдау қызметінің іс-шараға қатысуы университеттің психикалық денсаулықты сақтау, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, ерте психологиялық қолдау көрсету және кәсіби қауымдастықпен тәжірибе алмасу бағыттарындағы жүйелі жұмысының жалғасы болып табылады.
Осындай ғылыми-практикалық кездесулер жоғары оқу орындары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтып, психологиялық көмек көрсету сапасын арттыруға және білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолдаушы білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Психологиялық қолдау қызметі