Халықаралық ғылыми-практикалық визит аясында кәсіби тәжірибе алмасу

Халықаралық ғылыми-практикалық визит аясында кәсіби тәжірибе алмасу

2026 жылғы 30 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту аясында психология саласындағы мамандардың кәсіби тәжірибе алмасуына бағытталған ғылыми-практикалық визит ұйымдастырылды.

Ғылыми-практикалық кездесудің маңызды бағыттарының бірі – Абай атындағы ҚазҰПУ мен Максим Танк атындағы БМПУ арасындағы академиялық және ғылыми-практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту болды. Атап айтқанда, психологтарды даярлау тәжірибесі, клиникалық психология және психотерапия саласындағы білім беру мазмұны, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен практикалық психологтың кәсіби құзыреттерін жетілдіру мәселелері қарастырылды.

Визит бағдарламасы аясында Қызмет жетекшісі Саида Қосбай «С.Скляр психотерапия орталығына» барып, психотерапиялық және психологиялық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәжірибесімен танысты.

Іс-шара барысында психотерапиялық көмекті ұйымдастырудың практикалық аспектілері, клиникалық-психологиялық диагностика жүргізу ерекшеліктері, психологиялық сүйемелдеудің заманауи тәсілдері және психикалық денсаулық бұзылыстарының алдын алу мәселелері талқыланды.

Визит барысында Қазақстандағы психологиялық және психотерапиялық көмекті ұйымдастыру жүйесінің ерекшеліктері, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қолдаудың рөлі, сондай-ақ студенттердің психикалық денсаулығын сақтау және психологиялық қиындықтардың алдын алу бағыттары бойынша тәжірибе алмасу жүзеге асырылды.

Ғылыми-практикалық визит нәтижесінде қатысушылардың кәсіби білімін кеңейтуге, психологиялық және психотерапиялық көмек көрсету саласындағы тәжірибені зерделеуге, сондай-ақ академиялық және кәсіби ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік жасалды.

Айта кету керек, Абай атындағы ҚазҰПУ Психологиялық қолдау қызметі мен Сергей Склярдың Психотерапия орталығы арасында ынтымақтастық аясында меморандумға отырған.

Бұл бағыттағы кәсіби кездесулер психология саласындағы ғылыми білім мен практикалық тәжірибенің сабақтастығын нығайтуға, мамандардың кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және жоғары білім беру кеңістігінде психологиялық қолдаудың тиімді модельдерін дамытуға ықпал етеді.

Психологиялық қолдау қызметі

Артқа қайту