Австриялық педагогтермен тәжірибе алмасу: №12 гимназиядағы кездесу

Австриялық педагогтермен тәжірибе алмасу: №12 гимназиядағы кездесу

2026 жылғы 23 қыркүйекте Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияда халықаралық тәжірибе алмасуға арналған кездесу өтті. Оған Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы Жанкушков Бауыржан Оразаевич және Австрияның Тироль педагогикалық университетінің өкілдері Peter Matthias Pflug пен Susanne Mayrhofer қатысты.

Кездесудің өзегіне бастауыш білім берудегі педагогикалық тәжірибе арқау болды. Қонақтар «Әліппе», «Дүниетану» және «Еңбекке баулу» сабақтарына қатысып, оқу үдерісімен танысты. Гимназия мұғалімдерімен және осында педагогикалық практикадан өтіп жүрген «В003 – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының студенттерімен кәсіби пікір алмасты.

Гимназия директоры Иманғалиева Айымгүл Дәуірбековна мен директордың бастауыш мектеп жөніндегі орынбасары Сабырбекова Сажида Мұхаметқазыновна білім беру ортасымен таныстырып, танымдық экскурсия өткізді. Қонақтар заманауи кітапхананы, информатика және өзге де оқу кабинеттерін, асхананы аралап, оқушылар үшін жасалған жағдайларды көрді.

Кездесу мектеп мұғалімдері, болашақ педагогтер мен австриялық әріптестер арасында тәжірибе бөлісуге мүмкіндік берді. Сабақ үстіндегі жұмыс пен ашық пікір алмасу халықаралық ынтымақтастықтың практикалық мазмұнын аша түсті.

Гимназия басшылығы мен ұстаздар ұжымына мазмұнды кездесу ұйымдастырып, кәсіби тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс білдіреміз!

Артқа қайту