28.09.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СУРЕТШІСІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ БАС ЖҮЛДЕСІН ИЕЛЕНДІ
Абай университеті музейінің басшысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Қайшыбек Еркін Базарғалиұлы Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толуына арналған «Халқым деген Қапез...» республикалық кәсіби суретшілер конкурсының Бас жүлдесіне ие болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 40-қа жуық қылқалам шебері қатысқан байқаудың жүлде қоры да қомақты.
24–26 қыркүйек күндері Алматы облысы Кеген ауданындағы Тоғызбұлақ ауылында өткен шығармашылық байқауға еліміздің әр өңірінен кәсіби суретшілер қатысқан. Байқаудың негізгі мақсаты – Қапез Байғабылұлының тарихи тұлғасын, рухани мұрасын бейнелеу өнері арқылы насихаттау және ұлттық тарихи жадыны жаңғырту.
Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде суретшілер Қапез Байғабылұлының өмірі, шығармашылығы, тарихи тұлғасы мен өмір сүрген дәуірін бейнелейтін шеберханалық жұмыстарын ұсынды. Еліміздің әр өңірінен ұсынылған 40-қа жуық суретшінің еңбегі сараланып, олардың ішінен 20 кәсіби суретші екінші кезеңге жолдама алды. Екінші кезең Кеген ауданында өткен шығармашылық пленэр түрінде ұйымдастырылды. Суретшілер Тоғызбұлақ ауылы мен Кеген өңірінің табиғатын бейнелеп, жаңа туындыларын ашық аспан астында орындады. Қазылар алқасы жұмыстарды көркемдік шешімі, мазмұны мен орындалу шеберлігі тұрғысынан бағалап, байқау жеңімпаздарын анықтаған.
Байқау аясында іріктеуден өткен 20 суретшінің 40 шеберханалық жұмысы Қапез Байғабылұлы атындағы мектептің фойесіне қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасын, оның дәуірін және туған өлкенің табиғатын бейнелейтін туындылар қойылды.
Еркін Базарғалиұлы байқауға Қапез Байғабылұлының тұлғасын және туған өлкенің табиғатын сабақтастыра бейнелеген көлемді шығармасымен қатысты. Туынды қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, нәтижесінде суретші Бас жүлдені иеленді.
Суретші өз туындысының идеялық мазмұнына тоқталып, шығармада Қапез Байғабылұлының өмірі мен тұлғасына қатысты бірнеше символдық бейне қамтылғанын атап өтті.
– Суретте Қапез Байғабылұлының биіктігін көрсететін тау бөктері, Меркі өзенінің бейнесі және сол өңірдегі ауыл табиғаты қамтылды. Қолындағы домбыра оның сазгер екенін білдіреді. Ал екінші қолындағы портфель Қапездің қоғамдық және мемлекеттік қызмет атқарғанын аңғартады. Ол ұстаздық салада еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеген, Тоғызбұлақ аулына мектеп салдырған. Күннің батып бара жатқан бейнесі Қапездің өміріндегі күрделі кезеңді, 1937 жылы репрессияға ұшырауын меңзейді. Алайда күннің батуы оның тұлғасының өшкенін білдірмейді. Керісінше, жан-жағындағы биік таулар арқылы Қапездің рухани биіктігін көрсеткім келді. Оның киім үлгісін де арнайы зерттеп, өз дәуіріне сай бейнелеуге тырыстым, – дейді Еркін Базарғалиұлы.
Туынды майлы бояумен кенепке салынған, орындауға бір ай уақыт кеткен. Көлемі жағынан да шығарма байқауға ұсынылған жұмыстардың ішіндегі ең ауқымдыларының бірі.
Бас жүлде иегеріне І дәрежелі диплом және 1 250 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталған. Сонымен қатар Еркін Қайшыбек «JASAMPAZ» сыйлығының төсбелгісі және лауреаты дипломымен марапатталған.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптаның соңында Алматы облысы Кеген ауданында ағартушы қайраткер, әнші-композитор Қапез Байғабылұлының 130 жылдық мерейтой салтанаты өтті. Онда республикалық суретшілер көрмесінен бөлек дәстүрлі әншілер байқауы, қазақ күресі секілді түрлі мәдени-спорттық шаралардан жарыстар ұйымдастырылған болатын.
«Abai University» медиа орталығы
Фото: Дәурен Ермекбай