ПЕКИН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Абай университетінде Пекин педогогикалық университетінің делегациясымен халықаралық серіктестікті нығайтуға бағытталған кездесу өтті. Жиын барысында тараптар қос білім ордасы арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды.

Іс-шараға Абай университетінің  Стратегия және интернационалдыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова, факультет декандары және профессор ғалымдар қатысты. Пекин Педогогикалық университетінің Вице-президенті Ван Шоуцзюня бастаған шетелдік делегация құрамында «Белдеу және жол» мектебі деканының орынбасары Цая Хунбо, Түлектер қауымдастығының Бас хатшысы Фань Вэнься, Жетілдірілген зерттеулер институтының Есептеу коммуникацияарын зерттеу орталығының директоры У Е және Ресей ғылыми-зерттеу орталығының директоры Лю Цзюань бар.

Кездесу барысында бірлескен ғылыми зерттеулер мен іс-шаралар өткізу, білім алушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламасы, қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасанды интеллект бағыты бойынша қытайлық профессор ғалымдарды арнайы дәріске шақыру туралы да сөз болды. Тараптар әсіресе ЖИ бағытындағы оқыту мен зерттеулерге басымдық беріп, педагогика саласында заманауи технологияны енгізу мүмкіндіктерін талқылады.

Бүгінде жасанды интеллект технологиялық салада ғана емес, білім беру үдерісінің мазмұны мен әдістемесін өзгертетін құралға айналды. Жоғары оқу орындары ЖИ мүмкіндіктерін оқу бағдарламаларына енгізу арқылы болашақ мамандарды заманауи еңбек нарығының талаптарына бейімдей алады. Әсіресе болашақ мұғалім үшін жасанды интеллекті құралдарын дұрыс пайдалану, ақпаратты тексеру, цифрлық контент әзірлеу әрі оқушының жеке оқу ерекшелігіне сәйкес тапсырмаларды дайындау маңызды құзыреттердің бірі. Қос оқу орны арасындағы ынтымақтастық осындай технологиялық тың мүмкіндіктерді меңгеруде тәжірибе алмасуға ықпал етпек.

Шара соңында Абай университеті мен Пекин педагогикалық университеті арасындағы өзара түсініктік туралы меморандумға қол қойылды. Аспан асты елінің өкілдері қазақстандық білім алушыларды қуана қабылдауға және тағылымдамадан өтуге де есігі ашық екенін жеткізді.

Айта кетейік, Пекин педагогикалық университеті – Қытайдың ең көне әрі беделді мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірі. 1902 жылы негізі қаланған көрші елдегі мұғалімдерді даярлайтын алғашқы университет. Қазіргі таңда білім ордасында әлемнің 90 елінен 40 мыңға жуық шетелдік студент білім алады. QS World University рейтингінде 134 орында болса, Азия университеттері арасында 61 орында тұр.

  •  «Abai University» медиа орталығы