28.09.2026
ЖАС АҚЫНДАР ДУЭЛЬГЕ ШЫҚТЫ
Өткен сенбі күні Абай университетінде қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Жыр тұмар» атты республикалық студенттер арасында жас ақындар дуэлі өтті. Жыр жекпе-жегінде еліміздің жоғары оқу орындары ішінен арнайы іріктеуден өткен 16 ақын бақ сынады.
Қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 95
жылдығына арналған жас ақындардың жекпе-жегі өте қызықты сарында өтті. Дуэльде
айтыскерлер емес, жазба ақындар сахнаға көтеріліп, қарсыласынан өз поэзиясының
идеясы мен мазмұны, ой иірімдері мен ерекшеліктері арқылы басым түсуге тырысты.
Тақырыпты ашу шеберлігі, лирикалық тебіренісі, тапқыр көркемдік тәсілдері сын
тезінен өтіп, идеялық-мазмұндық сапасы жоғары өлең авторлары келесі кезеңге
өтіп, мықтылары финалда бақ сынады.
Жыр доданың басты мақсаты – жастар поэзиясының өлеңдерінің көркемдік сапасына
тың серпін беріп, жаңа есімдерді анықтау. Оған қоса жас ақындарға әлеуметтік әрі рухани
қолдау көрсету басты назарда.
Жыр додасына жиналған көрерменнің қарасы
қалың. Өнерді бағалап, ақындарға қолдау көрсетуге келген өлеңсүйер қауымның қатарында жастар көп. Олардың
айтуынша, мұндай шығармашылық орта жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттырып, ақындық өнердің қыр-сырын жақынырақ тануға мүмкіндік береді.
Белгілі ақын,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Қалиев бастаған қазылар алқасының құрамында
университет түлегі, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт
Беделхан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет және ақпарат салаларының
үздігі, ақын Роза Сейілхан болды.
Кезең-кезеңге
созылған бәсекеде қазылар алқасының жоғары бағасын иеленген ақындар ақшалай
және заттай сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде иеленген Шәміл Несіпбай 200
мың теңге (Абай атындағы ҚазҰПУ), бірінші орын алған Ұлан Әбибулла 100 мың
теңге (СДУ), екінші орын иесі Сабина Жұмәділ 70 мың теңге алса (Абай атындағы
ҚазҰПУ), үздік үштікті түйіндеген Жалғас Қазбек (СДУ) 50 мың теңге ақшалай
сыйлыққа ие болды.
Сонымен
қатар, алты жас ақын арнайы жүлделерге лайық деп танылды. Олар: А.Жұбанов
университетінің студенті Мәруа Александр (Есенғали Раушанов атындағы жүлде), әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ-дың студенті Хангелді Бектенов (Қадыр Мырзалиев атындағы жүлде),
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Болат Ахмет (Тұманбай Молдағалиев
атындағы жүлде), Т.Жүргенов Өнер академиясының студенті Шұғыла Ермахан (Фариза
Оңғарсынова атындағы жүлде), М.Тынышпаев атындағы университеттің студенті
Нұрхат Реимбаев (Еркін Ібітанов атындағы жүлде), Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
студенті Аяжан Дәулетқызы (Төлеген Айбергенов атындағы жүлде).
Арнайы жүлде
иегерлеріне арнайы диплом мен 20 мың теңгеден айқшалай сыйлық табыс етілді.
«Abai University»
медиа орталығы