АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СТУДЕНТТЕРДІ ҚАБЫЛДАУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Студенттік шақ – адамның жадында жатталып қалатын ең жарқын кезеңдердің бірі. Бірі жаңа достар табады, бірі арманын айқындайды, енді бірі болашақ мамандығына алғашқы қадам жасайды. Осындай ерекше кезеңнің бастауы болған «Қош келдің, Студент» студенттік қабылдау салтанаты бүгін Абай университетінің Мұхтар Әуезов атындағы стадионында жастардың басын қосты. Салтанатты кеште ақжарма тілек айтылып, эстарда жұлдыздары білім алушыларға естен кетпейтін кеш сыйлады.

Салтанатты кеш басталмай тұрып-ақ стадион маңынан жастықтың қызу лебі сезілді. Бірінші курс студенттерінің бірі достарын іздеп, енді бірі сахнаға көз тігіп, жаңа ортаға бой үйретіп жүр. Әуен аспандап, студенттердің көтеріңкі көңілі кештің сәнін келтіре түскендей. «DJ DARKHAN» мен «А-Blues бэнд» әсем әнмен қарсы алып, мерекелік кештің алғашқы шырайын ашып тұр...

Сағат 16:00-де асқақ әуенмен салтанатты жиынның шымылдығы ашылды. Экраннан көрінген Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» деген сөзі кештің негізгі мәнін аңғартқандай. Ұлы ақынның бір ауыз сөзі бүгінгі жасқа да, ертеңгі ұстазға да бағыт сілтер темірқазық іспетті. Көп ұзамай сахна төріне «ABAI: NEW LEVEL» дэнс клубының өнерпаздары көтерілді. Michael Jackson, «Tokyo Drift» әндеріне құрылған би қойылымы жастарды бірден баурап, кештің ырғағында тербелтті. Сахна мен көрермен арасы жақындай түскендей.

Кештің ресми бөлімінде Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп бірінші курс студенттеріне құттықтау сөзін арнады. Болат Анапияұлы адамзаттың Абайының ардақты атын иеленеген тұңғыш университетте Алаш перзенттері аманат еткен рух үстемдігі жатқанын тілге тиек етіп, жастарды осы аманатқа адал болуға шақыруы – жиналған жұртқа еркеше әсер қалдырды. Филология факультетінің 1-курс студенті Сағынтай Өсиет жаңа буынның атынан ант беріп, университет басшысынан қолынан студенттік билет алды. Ол университет қабырғасында білім алып, елге қызмет етуге бастайтын жолдың жауапкершілігін тұстастарына айрықша толқыныспен сездірді. «Жақсының жолы – жарық» демекші, студенттік өмірдің алғашқы күнінен-ақ жастарға бағыт-бағдар беріп, ізгі тілегін білдіргендердің қатарында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев пен танымал журналист, тележүргізуші, университет түлегі Аман Тасыған болды.

«Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» деген халық даналығы бар. Білім жолына енді түскен әрбір жас үшін университет – тек дәріс оқитын орын емес, тұлға боп қалыптасатын орта. Осыны сезінгендей, алғашқы күннен-ақ студенттер өздерінің жаңа ортасына еркін араласа бастады.

Сахна төріндегі өнер де бір сәтке толастаған жоқ. «КешYOU» тобының әуезді әндері кеш көркін аша түссе, «Дала рухы» коллекциясының дефилесі ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестірді. «Qaganat» шығармашылық одағының «Достық, 13» театрландырылған мюзиклі сахналық өнерді тағы бір қырынан көрсетті. Қойылымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері Бақытжан Әлпейсовтің жастарға деген ризашылығы мен үміті жүрек қылын шертіп кетті десек болады. «Сарын» тобының әндері, «ҚазҰПУ» Жайдарман құрамасының әзілдері, «A-B SOUL» тобының «Абай жастары қайда?» вокалдық перформансы кештің мазмұнын түрлендіріп, Сабина Мовлаеваның сахнада тербеле ән салуы көрерменді тәнті етті.

Кеш барысында студенттердің сән талғамы да сынға түсті. «Abai Style» номинациясында үздік стиль иегерлері анықталып, түрлі марапатқа ие болды. Жастардың киім үлгісінен олардың өзіндік мінезі мен талғамы биік әспеттелгенін айта кету керек.

Салтантты қабылдаудың шырайын эстрада жұлдыздары одан әрі ажарландырып, «Әдемі-ай» дуэті, Нұрмұхаммед Жақып, Бақытжан «БАХА», Бағлан Әбдірайымов және Murat Yaprak қатысушыларға тамаша көңіл күй сыйлады. Оны стадиондағы жұрттың қошеметінен анық аңғардық.

Концерттік бағдарлама соңы би кешіне ұласып, DJ DARKHAN-ның музыкасымен жастардың әсерлі қуаныштары Алматы аспанын шадыман шаттыққа бөледі. Салтанаттың айшықты сәттерін сурет арқылы естерінде мәңгі қалдыруға тырысып жатқан жұртта есеп жоқ.

Адам өміріндегі үлкен өзгерістер ойланып жасалған қадамнан басталатыны анық. Бәлкім, бүгінгі бірінші курс студенттері үшін сол құндылық – осы шаттық жыры шығар. Ал барлығын біріктірген ортақ сезім – студент атанудың қуанышы.

Сонымен «Қош келдің, Студент» салтанаты жаңа буынның Абай университетіндегі алғашқы жарқын естеліктерінің біріне айналды. Асқақ пейілде бүгін қошеметке бөленіп, ән-күймен рухтанған жастар ертең қара шаңырақтың тарихына, ел шежіресіне өз есімдерін алтын әріптермен жазатын даңғыл жолға осылай қадам басты.

Естеріңізге сала кетейік, биыл бакалавр, магистратура және докторантура бойынша Абай университетіне 6600-ге жуық білім алушы қабылданды. 

«Abai University» медиа орталығы