22.09.2026
«ТАҢБАЛЫ» АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ КЕШЕНІНДЕГІ КӨШПЕЛІ ДӘРІС-ЭКСКУРСИЯ
2026 жылғы 21 қыркүйекте Өнер факультеті «Дизайн» кафедрасының PhD докторы, аға оқытушы Саид Эдилевич Галимжановтың ұйымдастыруымен «Таңбалы» археологиялық кешенінде көшпелі дәріс-экскурсия өткізілді.
Іс-шараға 6В02120 – «Графикалық дизайн» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері, сондай-ақ 6В02125 – «Дизайн (ГД)» білім беру бағдарламасының қысқартылған оқу нысанында білім алатын 2 және 3-курс студенттері қатысты. Қазақ және орыс топтарына арналған көшпелі сабақ «Графикалық тіл және визуалды мәдениет» пәні аясында ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында студенттер «Таңбалы» музейін, қола дәуіріне жататын екі қорымды және ежелгі ғибадатхана аумағын аралады. Оларға ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген «Таңбалы» археологиялық ландшафтының зерттелу тарихы, тарихи-мәдени маңызы және ескерткіштер кешенінің құрылымы туралы дәріс оқылды.
Көшпелі сабақ барысында қола дәуіріндегі ғибадатхананың кеңістіктік ұйымдастырылуы қарастырылып, оның Орталық Азия аумағындағы ежелгі амфитеатр қызметін атқаруы мүмкін екендігі туралы ғылыми пайымдаулар түсіндірілді. Сонымен қатар студенттер ғибадатхана аумағындағы петроглифтердің негізгі сюжеттерімен, бейнелік ерекшеліктерімен және олардың семантикалық мазмұнына қатысты ғылыми тұжырымдармен танысты.
Іс-шара студенттердің тарихи-мәдени мұраны зерделеуіне, ежелгі бейнелеу жүйелерін кәсіби тұрғыдан талдауына және графикалық дизайн саласындағы теориялық білімдерін нақты тарихи ортада бекітуіне мүмкіндік берді.