ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАРҒА ЦИФРЛЫҚ БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫ ӨТТІ

Бүгінгі цифрлық дәуір білім беру саласына түбегейлі өзгерістер әкеліп, дәстүрлі оқыту үлгісінен жаңа форматқа ауыстыруды талап етіп отыр. Абай университетінде білім беру жүйесіне цифрлық дамыту мақсатында Abai Digital бірыңғай платформасы іске қосылды. Экожүйенің мүмкіндіктерін меңгеру және оқытушы-профессорлар құрамының цифрлық құзыреттілігін арттыру мақсатында 22-23 қыркүйекте «Оқытушының цифрлық құралдары: Abai Digital және Microsoft 365» атты біліктілікті арттыру курсы өтті.

Аталған курс білім ордасының оқытушы-профессорлар қауымына оқыту үдерісін ұйымдастырудың жаңа тетіктерін, электрондық форматтағы академиялық құжаттамаларды сапалы дайындауды тереңдетіп үйретті. Екі күндік біліктілікті арттыру курсын Microsoft компаниясының Орталық Азия және Пәкістандағы білім беруді дамыту бағытының жетекшісі Данияр Жұмабеков өткізді.

Практикалық курс барысында ұстаздар Abai Digital платформасында жұмыс істеу дағдыларын шыңдап, электрондық журналды жүргізу, силлабустар мен пәндерді тиімді басқару тәртібін меңгерді. Сондай-ақ Microsoft Teams, OneDrive, Forms және өзге де цифрлық жүйелерді білім беру үдерісінде пайдалану жолдары көрсетілді. Оның ішінде барлық оқу материалдары, силлабустар мен тапсырмаларды топтастырған бірыңғай цифрлық кеңістік студенттер үшін білім сапасын арттырады. Сондай-ақ интерактивті бағалау және Forms арқылы жүргізілетін жедел рефлексия білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын күшейтіп, академикалық ашықтық пен үлгерімді объективті бағалауға жол ашады.

Оқытушы-профессорлар қауымы академиялық оқыту процесіндегі түйткілді мәселелерді ортаға салып, компания өкілінен өзекті сұрақтарға жауап алды. Әдістемелік және практикалық құжаттамаларды жүйеге енгізуде туындайтын қателіктерді жою жолдары да түсіндірілді. Сонымен қатар білім ордасының мұғалімдері цифрлық практикалық дағдыларын қалыптастырып, Microsoft жүйесінің білім берудегі тиімді мүмкіндіктерін меңгерді.

Екі күнге созылған біліктілікті арттыру курсы цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде уақытты үнемдеп, студенттермен кері байланысты сандық технологиялар арқылы жедел ұйымдастыру тетіктерін айқындады. Бұл – оқытушы-профессорлар құрамы үшін білім беру үдерісін технологиялық мүмкіндіктер арқылы жаңғыртуға ықпал еткен маңызды алаңға айналды.

 

«Abai University» медиа орталығы