22.09.2026
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР ФОРУМЫ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШТЫ
Абай университеті
мен Шанхай педагогикалық университеті студенттерін бір ортада
тоғыстырған «Тұрақты болашақты қамтамасыз етудегі білім берудің құндылығы»
халықаралық студенттік форумы екі университет жастарына білім беру саласындағы
өзекті мәселелерді бірге талқылауға, зерттеулер жасауға және
жаңа академиялық байланыстар орнатуға жағдай туғызды.
Үш күнге созылған халықаралық кездесу болашақ педагогтардың
кәсіби көзқарасын кеңейтіп, екі ел студенттері арасындағы тәжірибе алмасуға жол
ашты.
Форум аясында
студенттер заманауи білім берудің бағыттарын ғана талқылап қойған жоқ, олар
бір-бірінің зерттеу жұмыстарымен танысып, командалық тапсырмаларға қатысып,
мәдениетаралық диалог құрды. Бұл өз кезегінде студенттердің академиялық ортада
еркін пікір алмасуына, жаңа идеялар ұсынуына және халықаралық ортада жұмыс
істеу тәжірибесін қалыптастыруына мүмкіндік берді.
Басқосудың маңызды
бағыттарының бірі – болашақ педагогтың өзгеріп жатқан
білім беру ортасындағы рөлін түсіну болды. Жасанды интеллектінің дамуы, цифрлық
технологиялардың оқу үдерісіне енуі, оқушының психологиялық ерекшеліктерін
ескеру және тұрақты даму қағидаттары студенттердің баяндамаларында кеңінен
қамтылды.
Ұстаздан шәкіртке
қалатын ең үлкен мұра не? Форумдағы баяндамалардың мазмұны осы сұраққа әр
қырынан жауап берді. Студенттік форумда жасалған
маңызды баяндамалардың бір парасына тоқталсақ.
Шанхай
педагогикалық университетінің өкілі Чжан Жуньмин «Мұғалімді есте қаларлық тұлға
ететін не? Қытай педагогтарының рухы: қамқорлық,
даналық және даму» тақырыбында ұстаздықтың өзегін қамқорлықтан іздеді. Оның
таныстырылымында әр оқушының есімін білу, баланың өзіне деген сенімін
қалыптастыру, әлсіз оқушыларға ерекше көңіл бөлу сияқты қарапайым көрінетін
әрекеттердің үлкен педагогикалық мәні бар екені айтылды. Ал
Ши Вэньчаоның «Менің туған күнімдегі ең жақсы сыйлық» атты баяндамасы ұстаздың
шәкірт өмірінде қалдыратын рухани ізіне арналды. Ол өз ұстаздарынан алған
шынайылық, шыдамдылық пен педагогикалық даналықтың кейін өмірлік ұстанымына
айналатынын жеткізді. Оның әңгімесіндегі «ең жақсы сыйлық»
материалдық дүние емес, ұстаздан шәкіртке берілетін сенім, бағыт пен рухани
мұра болды.
Ма Мэйцзиннің
«Қытайлың
педагогтың
бейнесі: тұтас даму тұрғысынан» атты баяндамасы да болашақ мұғалімнің кәсіби
және тұлғалық дамуына арналды. Оның пікірінше, ұстаз өзгеге білім беру үшін өзі
де өмір бойы ізденіп, дамуға ұмтылуы керек.
Қазақстандық
студенттердің зерттеулері де қазіргі педагогиканың өзекті мәселелерін қамтыды.
Абай университетінің 3-курс студенті Адал Сәулет болашақ мұғалімді өзгермелі
қоғам талаптарына дайындау мәселесін көтерсе, Педагогика және психология
кафедрасының 1-курс студенті Ерасыл Талғатов жасанды интеллект құралдарын
өзіндік білім алу үдерісіне кіріктіру тетігін ұсынды. Психология кафедрасының
2-курс студенті Гүлжан Амангельдинова білім беру барысында баланың
психологиялық ерекшеліктерін ескерудің маңызын айшықтап көрсетті.
Студенттер үшін
форумның тағы бір маңызды тұсы – халықаралық ортада өз ойын таныстыру
тәжірибесі. Бірлескен пікірталастар мен командалық жұмыстар жастарға әртүрлі
білім беру жүйелерінің ерекшеліктерін салыстыруға, жаңа көзқарастармен танысуға
және кәсіби байланыстар орнатуға ықпал етті. Форум
аясындағы ұйымдастырылыған «Әртүрлі елдердегі студенттік өмір»
тақырыбындағы ашық пікірталас кезінде қатысушылар
студенттік орта, білім алу мүмкіндіктері, академиялық ұтқырлық және жастар
арасындағы халықаралық байланыстар туралы өз ойларын ортаға салды.
Осы тұрғыдан
алғанда, халықаралық форум студенттер үшін бір реттік басқосу ғана емес, білім
мен тәжірибе алмасатын, жаңа байланыстар қалыптастыратын орта болды деуге толық негіз бар. Сонымен қатар, Абай университеті
мен Шанхай педагогикалық университеті жастарының бұл бірлескен
басқосуы алдағы уақытта академиялық жобаларға, ғылыми
зерттеулерге, студенттік бастамаларға және мәдениетаралық ынтымақтастыққа берік іргетас қалады дей аламыз.
Заманауи білім беру жағдайында болашақ педагогқа пәндік біліммен қатар технологияны меңгеру, зерттеу жүргізу, әртүрлі мәдени ортада жұмыс істеу және оқушыны жеке тұлға ретінде түсін білу қабілеті қажет. Форум жұмысы студенттерге осы талаптардың маңызын көрсетіп берді.
«Abai University» медиа орталығы