«ҒАЛЫММЕН САБАҚ»: УНИВЕРСИТЕТ ҒЫЛЫМЫ – МЕКТЕП ОҚУШЫСЫНА

«ҒАЛЫММЕН САБАҚ»: УНИВЕРСИТЕТ ҒЫЛЫМЫ – МЕКТЕП ОҚУШЫСЫНА

2026 жылғы 21 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ғалыммен сабақ. Университет ғылымы – мектеп оқушысына» атты бірлескен білім беру жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Талқылауға Абай университеті Филология факультетінің деканы Б.Т. Тлеубекова, Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері, «Әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназия» КММ директоры Н.М. Нурадинов, Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Касен Ерлан Сламбекұлы, Академик С. Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Құттыбаев Шоқанхан Дүйсенханұлы және мектеп директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Табиев Айдос Мұратұлы қатысты.

Кездесуде тараптар жобаның мазмұны мен оны іске асыру тетіктерін жан-жақты талқылады. Жобаның негізгі мақсаты – орта білім беру ұйымы мен жоғары оқу орны арасындағы тұрақты ынтымақтастықты нығайту. Осы бағытта университет ғалымдары мектеп бағдарламасындағы өзекті тақырыптар бойынша ғылыми негізделген, мазмұнды әрі интерактивті сабақтар өткізеді. Сабақтардың мазмұны оқушылардың жас ерекшелігіне бейімделіп, олардың ғылымға қызығушылығын арттыруға, ғылыми сұрақ қоя білу, ақпаратты талдау және салыстыру, өз пікірін дәлелдеу мен қорытынды жасау дағдыларын дамытуға бағытталады.

Жоба барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мектептегі мазмұнын қазіргі филологиялық зерттеулермен сабақтастыруға ерекше мән беріледі. Оқушылар ғалымдармен тікелей пікір алмасып, филология саласындағы ғылыми және кәсіби бағыттармен танысады. Сонымен бірге университет ғалымдары мен мектеп мұғалімдері арасында тиімді оқыту әдістері мен практикалық тәжірибе алмасу жолға қойылады. Бұл ынтымақтастық алдағы уақытта бірлескен сабақтар, зерттеу жобалары және әдістемелік іс-шаралар өткізуге арналған тұрақты серіктестік алаңын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында жобаны 2026 жылғы 29 қыркүйекте іске қосу туралы келісімге қол жеткізілді. Университет тарапынан жобаға қатысатын бес ғалым айқындалып, алғашқы бірлескен сабақты өткізуге дайындық басталды.

Жоба университет ғылымын мектеп оқушысына жақындатып, мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы мазмұнды байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Артқа қайту