УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ ОҚУШЫЛАРҒА БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРЕДІ

Бүгін Абай университетінде «Ғалыммен сабақ. Университет ғылымы – мектеп оқушысына» атты бірлескен білім беру жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.  Бұл жоба – орта білім беру ұйымы мен жоғары оқу орны арасындағы тұрақты ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Алдағы уақытта университет ғалымдары мектеп бағдарламасындағы өзекті тақырыптар бойынша ғылыми негізделген, мазмұнды әрі интерактивті сабақтар өткізеді.


Жиынға Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназиясының әкімшілігі мен Филология факультетінің басшылығы қатысты. Тараптар «Ғалыммен сабақ» жобасының мазмұны мен іске асыру тетіктерін жан-жақты талқылап, оқушыларға ғылыми интерактивті дәрістер өткізу жоспарын бекітті. Университет ғалымдарының сабағы оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыруға, ақпаратты талдау және салыстыру, өз пікірін дәлелдеу мен қорытынды жасау дағдыларын дамытуға бағытталады.

Жоба аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мектептегі мазмұнын қазіргі филологиялық зерттеулермен сабақтастыруға ерекше мән беріледі. Ғалымдар оқушыларға ғылыми кеңес беріп, оларды тіл-әдебиет бағытында зерттеу жүргізуге баулиды. Жоғары оқу орны ғалымдары мен мектеп мұғалімдері арасында оқыту әдістері мен практикалық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бірлескен сабақтар, зерттеу жобалары және әдістемелік іс-шаралар өткізуге тұрақты серіктестік орнатуға ықпал етері анық.

Тараптар аталған жобаны 2026 жылдың 29 қыркүйегінен бастап іске қосу туралы келісімге қол қойды. Педагогикалық қара шаңырақ тарапынан жобаға қатысатын зерттеуші ғалымдар айқындалып, алғашқы сабақты өткізуге дайындық басталды. Жоба өскелең ұрпақтың ғылымға қызығушылығын оятып, мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етпек.

«Abai University» медиа орталығы