УНИВЕРСИТЕТ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫРШЕХИР ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Абай университетінің делагациясы Түркияға сапары аясында Қыршехир провинциясының губернаторы (уәлиі) Мұрат Сефа Демирюрекпен кездесіп, өңір басшысымен білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қыршехир Ахи Эвран университетімен бірлескен қосдипломды білім беру, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын ілгерілету бойынша пікір алмасты.

Қыршехир провинциясының губернаторымен кездесуде Қазақстан мен Түркияның берік ынтымақтастығына білім беру саласының үлесі айрықша екені айтылды. Студент жастардың екі елдің жоғары оқу орындарында білім алып, ортақ мәдени-ғылыми байланысты тереңдетуге ықпал ететіні сөз болды. Мәселен бүгінгі күнге дейін қара шаңырақ студенттері Түркияның Қыршехир Ахи Эвран университетінде академиялық ұтқырлық аясында білім алып келеді. Соған сәйкес провинция уәлиімен Абай университетінен арнайы келетін студенттерге қолайлы жағдай жасау туралы келіссөз жүргізілді.

Жаһандану дәуірінде екі тараптың білім беру ұйымдары арасындағы серіктестікті арттырудың маңызды екені анық. Осыған орай, тараптар білім алушылардың жатақханамен қамтамасыз етілуі, оқу үдерісін ұйымдастыру және академиялық ұтқырлық бағдарламасымен өзара байланысты жетілдіру мәселелерін талқылады. Губернатор Мұрат Сефа Демирюрек пен университет өкілдері ұзақмерзімді, өзара сенімге негізделген ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.

Айта кетсек, екі ЖОО арасындағы ынтымақтастық аясында Қыршехир Ахи Эвран университетінде Абай атындағы ғылыми-зерттеу орталығы іске қосылған болатын. Орталық қазақ тілі мен әдебиетін, ұлттық мәдениетімізді бауырлас елде кеңінен танытуға, екі ел ғалымдары мен білім алушыларының бірлескен ғылыми және мәдени жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта білім ордалары магистратура деңгейінде 1+1 форматындағы қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр.

Жалпы айтқанда Абай университеті 180-нен астам шетелдік жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Оның ішінде Түркия мемлекетінің университеттерімен білім беру саласындағы 50-ге жуық меморандумға қол қойылған. Серіктестік аясында қара шаңырақ шәкірттері бауырлас елдің оқу орындарында білім алып, тәжірибе алмасып, оқытушы-профессорлар құрамы бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Биылғы жылы Ахи Эвран университетінде Абай университетінің «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Биология» білім беру бағдарламаларының студенттері академиялық ұтқырлықпен білім алып қайтты. Провинция басшылығымен кездесу осы бағыттағы жұмыстарға серпін беруді мақсат етеді. 

«Abai University» медиа орталығы