18.09.2026
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕ-ЖИНАҒЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Абай университетінде Шоқан
Уәлиханов пен Абай Құнанбайұлына арналған халықаралық «Бабалар аманаты» көрме-жинағының
7-томының тұсауы кесілді. Жинаққа Қазақстандық Бабалар аманаты этнографиялық
дизайн одағы мүшелерінің еңбектері бес тілде жарық көрді. Ұлттық өнерді
ұлықтап, тарихи-мәдени мұраны сақтауды мақсат еткен игі шараға өнертанушы
ғалымдар, мәдениет қайраткерлері және студенттер қатысты.
«Бабалар аманаты» көрме-жинағы – өнерлі
өрендерді, білім мен мәдениет саласының қызметкерлерін, қолөнер шеберлерін қолдауға
бағытталған халықаралық мәдени-ағартушылық жоба. Жоба авторы – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Білім беру ісінің және Мәдениет саласының
үздігі, «Бабалар Аманаты» этнографиялық дизайн одағының төрағасы Қанағат Қалиұлы.
2024 жылы басталған жоба аясында бүгінге дейін 6 жинақ жарық көріп, оқырманға
жол тартқан.
Жетінші томға еліміздің түкпір-түкпірінде
қызмет атқаратын көркем еңбек пәні мұғалімдері мен кәсіби суретшілердің,
сондай-ақ бүлдіршіндердің шығармашылық туындылары топтастырылған. Бұл жинақ – қоғамның
әртүрлі буын өкілдерінің көркемдік ізденістерін, ұлттық өнерге деген
қызығушылығын және шығармашылық әлеуетін танытатын мазмұнды еңбек. Сонымен
қатар аталған туынды өнер педагогтары мен кәсіби суретшілер арасындағы тәжірибе
алмасуға, ұлттық құндылықтарды білім беру үдерісімен ұштастыруға және өнердің
тәрбиелік тағылымын тереңдетуге жол ашады.
Салтанатты жиынға Абай атындағы
ҚазҰПУ оқытушы-профессорлар құрамы, зиялы қауым өкілдері және белгілі
суретшілер қатысты. Іс-шара барысында Өнер факультетінің студенттері өнер
көрсетіп, этно дизайн бағытындағы шығармашылық туындыларын көпшілік назарына
ұсынды. Сондай-ақ университет оқытушыларына қоғамдық бірлестіктің төсбелгілері
және Ұлттық дизайн академиясының академигі дәрежелері табысталды.
Абай университеті білім алушылардың бойына ұлттық
мәдениетті сіңіріп, өнер мен білім сабақтастығын қатар ұштастыруға және шығармашылық
тұлға ретінде қалыптастыруға айрықша мән береді. Білім ордасы бұл бағытта түрлі
шығармашылық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктермен серіктестік орнатып,
студенттердің талантын әрқашан шыңдап отырады. Жарық көрген көрме-жинақ
шәкірттердің эстетикалық талғамын арттырып, кәсіби шыңдалуына ықпал ететін
мазмұнды еңбек.
«Abai University»
медиа орталығы