18.09.2026
ТҮРКИЯ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АБАЙ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Түркияның
Қыршехир Ахи Эвран университетінің базасында Абай атындағы қазақ тілі,
әдебиеті және мәдениеті ғылыми-зерттеу орталығының ашылу салтанаты өтті. Жаңа
орталық екі елдің ғылыми, білім беру және мәдени бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл – Абай атындағы ҚазҰПУ мен Ахи Эвран
университетінің халықаралық серіктестігінің жаңа белесі.
Ғылыми-зерттеу
орталықтың қызметі – қазақ
тілін, әдебиетін және Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу мен кеңінен
насихаттауға, бірлескен
ғылыми-зерттеу және академиялық жобаларды дамытуға бағытталады. Нәтижесінде Қазақстан мен Түркия ғалымдары,
оқытушылары және студенттері ортақ диалог орнатып, тіл, әдебиет пен мәдениет
бағытындағы зерттеу жұмыстарын жүргізе алады.
Ашылу салтанатына Қыршехиро Ахи Эвран университетінің
басшылығы мен профессорлары және Абай атындағы ҚазҰПУ делегациясы арнайы қатысты. Делагация құрамында Әлем
тілдері факультетінің деканы Еділбай Оспанов, Академик С. Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі
кафедрасының аға оқытушысы Мұрат Мырзахметов және Халықаралық бағдарламалар
және ынтымақтастық бөлімінің бас маманы Әсем Нұржанқызы бар.
Қыршехир Ахи Эвран университетінің Ректоры Мұстафа Қасым
Караходжаоғлы ашылу
салтанатында Абай орталығының екі университет арасында дамып келе жатқан
академиялық және мәдени ынтымақтастықтың маңызды нәтижесі екенін алға тартты.
Алдағы уақытта серіктестік аясында Ахи Эвран атындағы түрік тілі, әдебиеті және
мәдениеті қолданбалы зерттеу орталығы Абай университетінің базасында да ашылмақ.
Екі университет
арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстар мұнымен
шектелмейді. Алдағы уақытта
Абай университетінің шетел тілдері кафедрасында магистратура деңгейінде 1+1 форматындағы қос дипломды
білім беру бағдарламасын іске қосу
жоспарланған. Бағдарлама білім
алушыларға академиялық ұтқырлық аясында халықаралық тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді.
«Abai University» медиа орталығы