ЖАСТАР ПСИХИКАCЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

   Абай университетінің Астана қаласындағы Білім беру институтында профилактикалық семинар өтті. «Өмір құндылығын дәріптеу арқылы жастардың психикалық денсаулығын нығайту» тақырыбын қамтыған профилактикалық семинар жастардың психикалық денсаулығын сақтау, эмоционалдық әл-ауқатын нығайту және суицидтік мінез-құлықтардың алдын алуға бағытталды.

   Расында, студенттік кезең адамның кәсіби және тұлға ретінде қалыптасуының маңызды сәті. Әсіресе үлкен ортаға қадам басқан бірінші курс студенттері үшін құбылмалы шақ. Жоғары оқу орнына бейімделу, жаңа әлеуметтік ортаға ену, тапсырмалар жүктемесі, тұлғааралық қарым-қатынастар және болашаққа қатысты алаңдаушылық сияқты факторлар кейбір жастардың эмоционалдық күйіне қатты әсер етуі мүмкін. Осындай сәтте оларға психологиялық қолдау көрсету аса қажет болар сөзсіз. Өйткені, психологиялық қиындықтарды ерте кезеңде анықтау да жастармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстың өзекті бағыты. Осы мақсатта ұйымдастырылған семинар студенттерге жан-жақты мағлұмат беріп, екі күн бойы жүргізілді.

   Білім беру институтында болған шараға биылғы бірінші курс студенттері қатысты. Онда білім алушылардың денсаулық туралы сауатын қалыптастыру, өмір құндылығын дәріптеу, кризистік жағдайларда психологиялық көмекке жүгінудің маңыздылығын түсіндіру және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселелері айтылды. Университеттің Психологиялық қолдау қызметінің жетекшісі, практик-психолог Саида Қосбай семинарда психикалық денсаулық ұғымы, эмоционалдық тұрақтылық, стресс пен психологиялық қысымды басқару, қиын жағдайлардан шығу стратегиялары, тұлғааралық қолдаудың маңызы және психологиялық көмекке жүгіну мәдениеті туралы баяндады.

   Білім алушыларға суицидтік мінез-құлықтың психологиялық ерекшеліктері, қауіп факторлары және профилактикалық қолдаудың негізгі қағидалары туралы ғылыми түсініктер берілді. Сонымен қатар эмоционалдық қиындықтарды елеусіз қалдырмау, адамның мінез-құлқындағы елеулі өзгерістерге назар аудару және қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінудің маңыздылығы жеткізілді.

 Профилактикалық семинар барысында студенттер психологиялық қолдау, стресс жағдайындағы мінез-құлық және қиындықтарды еңсеру жолдары жайында өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Оларға мысалдармен сауатты жауаптар берілді.

  Білім ордасы үшін студенттердің психикалық денсаулығын сақтау – олардың академиялық жетістігімен қатар, тұлғалық және әлеуметтік дамуының маңызды алғышарты. Осы орайда, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                          «Abai University» медиа орталығы