16.09.2026
СТУДЕНТТІК ҰЙЫМДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде
студенттік ұйымдар жәрмеңкесі өтті. Білім ордасындағы 49 студенттік ұйым
көпшілікке өзін таныстырып, «балмұздақтарды» өз қатарларына қосылуға шақырды.
Жоғары оқу орнының табалдырығын аттаған 3 мыңнан астам білім алушы қалаған ұйымына
тіркеліп, өз таңдауларын жасады.
Студенттік ұйымдар – білім
алушылардың университет өміріне белсенді араласуына ықпал ететін маңызды орта. Жастардың
бойындағы қабілетті дамытуға, жаңа достар тауып, түрлі жобалар мен іс-шараларға
қатысуға жол ашады. Оған қоса студенттік ұйымдар оқу орнындағы қоғамдық өмірдің
жандануын қамтамасыз етеді.
Бүгінде Абай университетінде 49
студенттік ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 27
шығармашылық, 10 спорттық үйірме, 4 театр мен
8 еріктілер ұйымы бар. Түрлі бағытта жұмыс атқаратын топтар білім алушылардың бойындағы талантты
ашуға, тұлғалық әрі кәсіби қалыптасуына көмектеседі. Бұл сөзімізге Педогогика
және психология факультетінің 2-курс студенті Нұрдәулет Бақытұлының пікірі
дәлел.
– Біздің факультеттің 1-курс студенттері үшін бұл жақсы бастама деп ойлаймын. Өзге ұйымдарда ән, би, өнер қамтылса, «Білім Vector»-да біліммен жарысады, академиялық білімді арттырады. Басты мақсат – бастауыш саласы бойынша білікті әрі белсенді маманды даярлауға өз үлесімізді қосу. Мәселен, ұйымға былтырдан бастап мүше болған студенттердің көбі түрлі жобалар жасап, мақалаларын ірі басылымдарға жариялады, – дейді белсенді студент.
Жәрмеңкеде түрлі студенттік ұйымдармен таныса келе, бірінші курс студенті Айдана Мырзахан өз қызығушылығына сай орта тапқанын жеткізді. Оның мамандығы педогог болса да, өнерге жақын екенін алға тартып, хобби ретінде айналысатынын айтты.
– Мен Педогогика және психология факультетінде оқимын. Негізі өзіме би, өнер, аспаптарда ойнау ұнайды. Әсіресе актриса болуды хоббиім ретінде қарастырудамын. Бұл жәрмеңке маған студенттік клубтарды салыстыра отырып, таңдауыма көмектесті. Соның ішінде «Қағанат» шығармашылық одағы туралы әлеуметтік желіден де көрген едім. Бүгін сол ұйымға мүше ретінде тіркелдім, – дейді ол.
Абай университеті студенттердің жоғары білім алып қана қоймай, бос уақыттарын тиімді өткізіп, тұлғалық және кәсіби дамуына айрықша көңіл бөледі. Жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, таным көкжиегін кеңейтуге, ғылымға қызығушылығын арттыруға және тұлға ретінде қалыптасуына студенттік ұйымдар айрықша ықпал етері анық. Сондықтан ұйымдар жәрмеңкесі педагогикалық қара шаңырақты таңдаған шәкірттердің даму бағытын айқындайтын маңызды іс-шара.
«Abai University» медиа орталығы