ПУСАН ШЕТ ТІЛДЕРІ УНИВЕРСИТЕТІМЕН СЕРІКТЕСТІК ОРНАТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп бастаған ресми делегациясы Пусан шет тілдері университетінің президенті Чан Сун Хынмен кездесті. Қос тарап екі университет арасындағы академиялық және ғылыми серіктестікті дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Абай университеті мен Пусан шет тілдер университеті арасындағы меморандум бірнеше бағытты қамтиды. Мәселен білім алушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламасы, бірлескен ғылыми зерттеулер мен іс-шаралар өткізу, қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру. Сонымен қатар докторанттарға шетелдік ғылыми жетекшілер тағайындап, халықаралық ғылыми басылымдарға жарияланымдар дайындауды көздейді.

Екіжақты ынтымақтастық туралы келісімге Абай атындағы ҚазҰПУ  Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы мен Пусан шет тілдері университетінің президенті Чан Сун Хын қол қойды. Аталған келісім «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші саммиті аясында жүзеге асқан ғылым және жоғары білім саласындағы Қазақстан-Корея серіктестігін нығайту жөніндегі жұмыстың жалғасы.

Кездесу барысында қос тарап халықаралық серіктестікті нығайту, университет студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамының және зерттеуші ғалымдардың тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар білім алушыларға қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосу алғышарттары сөз болды. Жиынға Абай университеті Шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі Серік Иватов та қатысып, алдағы уақытта студенттердің академиялық ұтқырлық аясында тәжірибе алмасуына байланысты ойларын ортаға салды.

Айта кетейік, Пусан шет тілдер  университеті – Оңтүстік Кореяның шет тілдері мен халықаралық зерттеулерге мамандандырылған беделді жоғары оқу орны. 1981 жылы ашылған білім ордасы әлемнің көптеген тілдерін, соның ішінде шығыстану және халықаралық бизнес бағыттарын да тереңдетіп оқытады. Оқу орны бұған дейін де қазақстандық бірқатар университеттерімен ортақ келісімге келіп, бірлесе жұмыс істеген.

 

«Abai University» медиа орталығы