12.09.2026
Жасанды интеллект факультеті ашылды
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жаңа Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің ресми ашылу салтанаты өтті. Заманауи технологиялардың заманы дәуірлеген уақытта құрылған факультет жаңа буын педагогтерін даярлауды мақсат тұтқан.
– Біз студенттерге заманауи білім беруіміз керек. Кейінгі жылдары университетте жасанды интеллектіге бағытталған ғылыми жобалар көбейді. Демек, жаңа факультет өз жұмысын енді ғана бастап отырған жоқ. Оның сүйенетін ғылыми негізі, жинақталған тәжірибесі, білікті мамандары жеткілікті. Әрине, жасанды интеллект мұғалімнің орнын алмастырмайды. Бірақ біз оны көмекші құрал ретінде пайдалануға үйретеміз әрі заманауи технологияларды меңгерген педагог мамандарды даярлаймыз, – деді Болат Анапияұлы.
Тұсаукесер рәсімінде факультеттің мақсат-міндеттері айқындалып, академиялық құрам мен мүмкіндіктері таныстырылды. Жаңа буын педагог мамандарын даярлауға қатысты материалдық-техникалық база мен түрлі зертханалар көз қуанышына айналды.
Бүгінде факультетте төрт білім бағдарламасы бойынша 810 студент білім алып жатыр. Оның ішінде IT және жасанды интеллект бағытына 300-ге жуық білім алушы қабылданған. Факультет жасанды интеллект және машиналық оқыту, бағдарламалық инженерия, ақпараттық жүйелер, киберқауіпсіздік, деректерді талдау және Data Science, роботтехника, интеллектуалды жүйелер, цифрлық педагогика, генеративті жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар салалары бойынша жұмыс істейді.
Жаңа факультеттің басты ерекшелігі – IT-саласындағы білімді педагогикалық бағытпен ұштастырып, ЖИ жауапкершілігін меңгерген мұғалімдерді даярлау.