УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫНА Л.В. МАРДАХАЕВ МЕДАЛІ ТАБЫСТАЛДЫ

Бүгін Абай университетінің Педагогика және психология факультетінің оқытушылары ғалым-педагог, әлеуметтік педагогика саласының негізін салушылардың бірі Л.В. Мардахаев атындағы медальмен марапатталды. Арнаулы марапатты университеттің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан салтанатты түрде табыстап, оқытушы-ғалымдардың еңбегіне ерекше тоқталды.

Лев Владимирович Мардахаев – әлеуметтік педагогиканың дамуына зор үлес қосқан белгілі ғалым-педагог. Ол Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқытушы-профессорлар құрамымен тығыз ынтымақтастықта еңбек етіп, Г.А. Абаева, Ш.Ж. Колубаева, Г.А. Мұратбаева сынды бірқатар ғалыммен бірлескен ғылыми еңбектер жазған. Ол Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының әлеуметтік педагогика және әлеуметтік жұмыс салалық бөлімінің ғылыми хатшысы болып, «Педагогикалық білім және ғылым» атты бас ғылыми журналының редакциялық алқасында қызмет атқарған. Ғылыми еңбектерінде әлеуметтік педагогиканың тарихы мен теориялық негіздерін, әлеуметтік жұмысты, әлеуметтік педагогтарды кәсіби даярлау негіздерін зерттеген.

Аталған медальмен марапатталған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Анарбек Қозыбайұлы белгілі ғалыммен бірге еңбек етіп, зерттеу жүргізгенін мақтанышпен жеткізді.

 – Лев Владимировичпен ғылымда, білім беру ісінде бірге жұмыс істеген біз секілді педагог-ғалымдар үшін бұл медаль – үлкен мәртебе. Алдағы уақытта зерделейтін ғылыми жұмыстарға жігер береді. Біз ол кісіні ешқашан ұмытпаймыз, – деді профессор.

Л.В. Мардахаев атындағы медальмен Абай университетінің Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова және 19 оқытушы-профессор марапатталды. Олардың қатарында Ғалия Абаева, Анарбек Қозыбай, Ұлбосын Қыяқбаева, Қорлан Жанпейісова, Шолпан Қолубаева, Алма Ильясова, Гүлнар Мұратбаева, Мираш Сураншиева, Қадиша Шалғынбаева, Анар Алиммбекова, Гүлмира Шырынбаева, Алма Айтпаева, Камиль Мардыбаев, Назира Әтемқұлова, Дариға Әзімбаева, Разия Каримова, Айгүл Ахметова,  Асем Бұлшекбаева және Роза Бекмағамбетова бар.

Абай университетінің Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасында 2010 жылы «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы ашылып, 2011 жылдан бастап Л.В. Мардахаевпен тығыз байланыс орнатқан. Ғалым кафедра оқытушыларына әлеуметтік педагогиканы дамытудың өзекті мәселелері бойынша кеңес беріп, студенттерге дәріс оқыған. Тіпті «Лидер» жастар ұйымының ашылуына қатысып, әлеуметтік педагогика бойынша студенттік жобаларды қорғау комиссиясының мүшесі болған. Сондықтан, Л.В. Мардахаев атындағы медаль – аталған салада мазмұнды зерттеу жүргізіп жүрген, ғылыми мектеп өкілдері үшін маңызды марапат.

 

«Abai University» медиа орталығы