14.09.2026
ПЕДАГОГ КӨШБАСШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НЕТВОРКИНГ ӨТТІ
Абай университетінде «Педагог көшбасшылығы: білім берудегі өзгерістердің жаңа архитектурасы» тақырыбында халықаралық нетворкинг өтті. Жиында ұстаз көшбасшылығын білім беру жүйесіндегі стратегиялық өзгерістердің қозғаушы күші ретінде зерделеп, педагогтің кәсіби әлеуетін дамытудың ғылыми-әдіснамалық негіздері талқыланды. Іс-шара мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Анар Алимбекованың 60 жылдық мерейтойына арналды.
Заман талабына сай білім беру жүйесінің жаңа архитектурасы – оқыту
тәсілдері, цифрландыру және жасанды интеллект, ғылыми-зерттеу мен еңбек
нарығында сұранысқа ие маман даярлаумен тікелей байланысты. Сондықтан педагог
көшбасшылығы тек қана оқытумен шектелмей, білім алушының тұлға ретінде дамуына,
сыни ойлауына, шығармашылығы мен цифрлық сауаттылығы қалыптасуына ықпал етеді.
Тәжірибе алаңында педагогика саласының ғалымдары мен сарапшылары баяндама
жасап, білім берудегі өзгерістердің жаңа архитектурасында мұғалім
жауапкершілігі артып, функционалдық қызметі қалай өзгеретінін сараптады.
Мәселен Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы директорының орынбасары Ботагөз
Бермухамбетова және «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Мария
Ерманова мұғалім көшбасшылығының қазіргі білім беру кеңістігіндегі маңызына
тоқталды.
Халықаралық нетворкингте Гонконг Білім беру университетінің
қауымдастырылған профессоры Юэнь Чи Пун шет елдегі кантон тілінде сөйлейтін оқушылардың
тыңдалым және бастапқы сауаттылық дағдыларын компьютерлік ойын технологиялары
негізінде дамыту бағдарламаларын таныстырды.
Сонымен қатар Түркияның Хаджетепе университетінің Білім беру
факультетінің PhD, профессоры Шүле Ерчитен «Заманауи кәсіби лидердің тұлғалық
және басқарушылық қасиеттері» тақырыбын қозғады.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының психологы Бахыт Есенбаева «Балаларды қолдау орталығы педагогтерінің кәсіби лидерлігін дамытудағы халықаралық тағылымдаманың рөлі» туралы баяндады. Energo University Әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Айжан Досқожанова білім алуды қызықты әрі мазмұнды етуге бағытталған инновациялық тәжірибелермен бөлісті. Іс-шара мазмұнын №187 бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері ұсынған «Болашақ бізден басталады» мерекелік композициясы толықтырды.
Халықаралық нетворкинг білім беру саласындағы көшбасшылықтың жаңа
бағыттарын талқылап, ғылыми-педагогикалық қауымдастық арасындағы кәсіби
байланысты кеңейтуге мүмкіндік берді. Іс-шара Абай университетінің Мектепке
дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының PhD,
қауымдастырылған профессоры Анар Алимбекованың 60 жылдығына арналып, оған
педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұлбосын Қыяқбаева
модераторлық етті.
Сонымен қатар мерейтой иесі туралы педагогика ғылымдарының докторы Роза
Бекмағамбетова «Даналық жасы – толысу мен толағай табыстар кезеңі» тақырыбында
баяндама жасады. Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілептің
мерейтой иесіне арнаған құттықтауы оқылып, Анар Аймолдақызына оқу орнының «Айрықша
еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
«Abai University»
медиа орталығы