Өнер факультетінде түркиялық маманның шеберлік сабағы өтті

Өнер факультетінде түркиялық маманның шеберлік сабағы өтті

2026 жылғы 11 қыркүйекте Абай университетінің Өнер факультетінде Түркия Респбуликасының, Селжұқ университетінің Сәулет және дизайн факультетінің оқытушысы, зерттеуші ғалым Митат Кандемирдің «Беткі қабаттың формалистік композициялары» тақырыбындағы халықаралық шеберлік дәрісі ұйымдастырылды.

Кездесудің негізгі өзегі – дәстүрлі қолөнер тәжірибесін заманауи көркемдік ізденістермен сабақтастыру, студенттердің композициялық ойлауын дамыту және олардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейту болды. Шеберлік сабағына факультет оқытушылары мен білім алушылары белсенді қатысты.

Митат Кандемир – дәстүрлі түрік қолөнері, кестелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, мәдени мұра, этнографиялық бұйымдар, цифрлық дизайн және кәдесый өнімдерін жобалау бағыттарында зерттеу жүргізіп жүрген тәжірибелі маман. Ол дәстүрлі ою-өрнек пен ұлттық мотивтерді қазіргі дизайн тілімен ұштастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Ғалым «Çocuklar İçin Kanaviçe İğne Teknikleri», «Aladağ’ın İncisi Derbent», «El Sanatları Araştırmaları» атты еңбектердің авторы әрі бірқатар ғылыми басылымдар мен жинақтардың редакторы.

Дәріс барысында қонақ оқытушы композиция құрудағы сызық, түс, ырғақ, фактура және кеңістік элементтерінің өзара байланысын түсіндірді. Түркілік ою-өрнек үлгілерін негізге ала отырып, қатысушылар бейнелік шешімдер әзірлеп, өз қолдарымен тәжірибелік жұмыстар орындады. Бұл тапсырмалар теориялық білімді шығармашылық практикамен ұштастыруға мүмкіндік берді.

Шара соңында еркін пікір алмасу өтіп, студенттер мен оқытушылар өнер, қолөнер және дизайн саласындағы заманауи бағыттар жөнінде сұрақтарына жауап алды. Осындай халықаралық кездесулер Өнер факультетінің академиялық байланыстарын нығайтып, білім алушылардың кәсіби және шығармашылық көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді.

Артқа қайту