11.09.2026
МЕМОРАНДУМНАН КЕЙІН: РЕКТОР НӘТИЖЕЛЕРМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгін Абай
атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп «Есік» музей-қорығына
арнайы барып, екіжақты меморандумға байланысты атқарылып жатқан іс-шаралармен
танысып қайтты. Онда университет басшылығына өндірістік тәжірибе кезінде Абай
университеті студенттерінің тапқан археологиялық қазба жәдігерлері көрсетілді.
Екіжақты кездесу
барысында тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әзімхан Серікұлы Абай
атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Анапияұлына «Есік» музейінің
экспозициялық залдарымен таныстырды. Биылғы 16-наурызда қол қойылған келісім
аясында атқарылған жұмыстар жөнінде де ақпарат берді. Айта кететін жайт, Абай
университетінің студенттері биылғы өндірістік тәжірибе кезінде археологиялық
қазба жұмыстармен айналысып, музей қазынасына 33 жебенің басы мен аттың жүгені
детальдарын қосқан. Осыған байланысты Болат Тілеп ең алдымен университеттің
Тарих-құқық факультетінің 1-курс студенттеріне өндірістік тәжірибе жұмыстарын
оңтайлы ұйымдастырғаны үшін музей-қорық ұжымына алғыс білдірді.
Сапар барысында
Ынтымақтастық туралы меморандум негізінде атқарылуға тиіс іс-шаралар жан-жақты
талқыланды. Тарих және құқық факультеті студенттерінің оқу-ғылыми археологиялық
практикасы өтетін көпбейінді оқу-практикалық базасын құру, Абай университеті студенттерінің
тарих, археология, этнология, антропология, мәдени мұра және цифрлық
гуманитаристика, жаратылыстану ғылымдарының алуан түрлі пәндері бойынша алған
білімдерін далалық тәжірибеде бекітуге мүмкіндік қарастыру, сұранысқа ие
тарихи-мәдени білім беру, музейі ісі, музейлік педагогика бойынша оқу
практикаларын тұрақты негізде ұйымдастыру мәселелері күн тәртібіне шығарылды.
Мұндай
өзектіліктер білім алушылардың біліктілігін арттырып қана қоймай, болашақта
оқу-зертханалық корпусын, археологиялық далалық лагерін, студенттік
экспедициялық базасы мен музейлік-педагогикалық кешен қалыптастыруға негіз
болары сөзсіз. Бұл бір жағынан музей-қорықтың ғылыми әлеуетін жаңа сапалық
деңгейге шығаруға да жол ашпақ. Сонымен қатар, кездесуде Абай универсиетінде
археологиялық мұражай ашып, оны тарихи жәдігерлермен қамтамасыз ету де сөз
болды. Оны басты мақсаты – жастардың рухани кеңістігін байыту. Мұражай
материалдарын көшпелі түрде ауыстырып тұру жағы да қаралды.
Кездесу соңында Университет пен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы екіжақты ғылыми зерттеу жұмыстарын бірлесе ұйымдастырып отыруға уағдаласты. Нәтижесінде қазан айында Сақ мәдениеті мен тарихына қатысты ғылыми-тәжірибелік конференцияны бірлесіп өткізуге келісті.
«Abai University» медиа орталығы