ТҮРКИЯЛЫҚ ҒАЛЫМ ШЕБЕРЛІК ДӘРІС ӨТКІЗДІ

Бүгін Абай университетінде Түркиядан арнайы келген Селжұқ университетінің зерттеуші ғалымы Митат Кандемирдің «Беткі қабаттың формалистік композициялары» тақырыбында шеберлік дәрісі өтті. Шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, заманауи өнер бағыттарымен таныстыру және халықаралық кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.

Митат Кандемир – Түркияның өнер саласында зерттеуші ретінде танылған ғалым. Қазіргі таңда Селжұқ университетінің Сәулет және дизайн факультетінде дәріс оқып келе жатқан тәжірибелі маман. Оның кәсіби және ғылыми қызметі: дәстүрлі түрік қолөнері, кесте техникасы, сәндік-қолданбалы өнер, қолөнер дизайны, мәдени мұра және дәстүрлі мәдениет, этнографиялық бұйымдар мен дәстүрлі мотив, дәстүрлі қолөнерді заманауи дизайнмен ұштастыру, компьютерлік кестелеу және цифрлық дизайн, кәдесый өнімдері және мәдени объектілер, балаларға арналған қолөнер бағыттарын қамтиды.

Түркі мотивіндегі кескінді мысалға келтірген оқытушының қолөнер және бейнелеу саласында еңбегі ерен. «Çocuklar İçin Kanaviçe İğne Teknikleri»,  «Aladağ'ın İncisi Derbent», «El Sanatları Araştırmaları» атты ғылыми еңбектердің авторы. Зерттеуші біраз ғылыми кітап пен жинақтарға жауапты редакторлық қызмет те атқарған.

Өнер факультетінде өткен шеберлік дәрісі барысында Митат Кандемир беткі қабат композицияларының ерекшеліктеріне тоқталып, кеңістіктің, сызық пен құрылымның көркем туындыдағы маңызын тәжірибелік тұрғыдан түсіндірді. Ғалымдар мен студенттер теориялық білімді нақты шығармашылық тапсырмалар арқылы бекітіп, композициялық шешімдерді өз қолдарымен орындады. Мұндай халықаралық шеберлік дәрістер студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, отандық және шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы шығармашылық және академиялық байланысты нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

Абай университеті өнер саласы бойынша Түркияның біраз университетімен екіжақты келісімдер орнатқан. Осы бағытта жыл сайын академиялық ұтқырлық бағытында ынтымақтастық артып келеді. Мәселен,  Нийде Өмер Халисдемир университетінің бір студенті өткен жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Абай университетінде оқуға мүмкіндік алған болатын.

Дәріс соңында сұрақ-жауап түрінде еркін пікір алмасып, өнер саласына қатысты тың идеялар да талқыға түсті. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, студенттердің халықаралық тәжірибемен танысуына және шығармашылық әлеуетін арттыруына жол ашыла бермек.

«Abai University» медиа орталығы