«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖАЛПЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАРАФОНЫНА ҮШ КҮН ҚАЛДЫ

          2026 жылы 16 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Жарлық бойынша «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіліп, балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру бағытын көздейді. Тұжырымдама аясында 15-қыркүйектен бастап «Кітап оқитын ұлт» жалпы республикалық кітап оқу марафоны басталады. Оған Абай университетінің Ғылыми кітапханасы да өз үлесін қосуды жоспарлап отыр.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы жүйелі түрде ұлтымыздың интеллектуалдық әлеуетін дамытуды мақсат етеді. Бұл – бір реттік жоба емес, оқуға, үйренуге, ойлануға және алған білімді өмірде қолдануға деген тұрақты дағдыны қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді қозғалыс.

Бүгінгі таңда қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыру, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру басты міндеттердің біріне айналып отыр. Осы мақсатта ел болашағы үшін аса маңызды мемлекеттік саясаттың басым бағыттары айқындалып, нақты қадамдар қолға алынды. Атап айтқанда, жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құру, заманауи ақпараттық жүйелер енгізу, оқырман инфрақұрылымын жаңғырту басты назарға алынады. Сондай-ақ ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шет елдерде насихаттау, туындыларды сапалы аударып, басып шығару, кең оқырман аудиториясына тарату маңызды рөл атқарады.

Жеті идеяны арқау етіп, жеті бағытты қамтитын «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына Абай университетінің Ғылыми кітапханасы да арнайы бағдарламамен қатыспақ. Олар марафонға қатысушы студенттер үшін «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын зиялы» бағыттарын ұсынып отыр. Естеріңізге сала кетейік, жоба 2027 жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Қатысушылар «Кітап оқитын ұлт»  марафонының ресми сайтына тіркеліп, өзі таңдаған бағыт бойынша 15 кітапты оқып шығуы қажет. Сол бойынша ұпайлар жинайды. Нәтижесінде жоғары рейтинг жинаған оқырман жеңімпаз болып танылмақ. Жеңіске жеткен қатысушылар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.

Ұлттың кітап оқуға деген ынтасын арттыру идеясы тек морофонмен шектелмейді. Қазірде «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы іске асырылып, Мемлекет басшысы «Кітапхана және баспа ісі туралы» жаңа заң қабылдау жөнінде тиісті орындарға тапсырма берді. Ал «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бойынша 2027 жылға қарай кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындалып, бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы құрылмақ.

 

«Abai University» медиа орталығы