ӘСКЕРИ БОРЫШЫН ӨТЕГЕН 13 САРБАЗ АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ОҚУҒА ТҮСТІ

Елімізде 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға білім беру гранты бағдарламасы іске қосылған. Бағдарлама арқылы ЖОО-ға грант негізінде және ақылы бөлімге ҰБТ тапсырмай оқуға түсе алады.  Аталған жеңілдіктер жастардың әскери борышын өтеуге ынталандыру мен олардың кәсіби дамуына мүмкіндіктер жасау мақсатында даярланған. Биыл Абай университетіне әскери борышын өтеген 13 азамат «Сарбаз 2.0» жобасымен оқуға қабылданды.

Естеріңізде болса, 2024 жылы 15 мамырда  «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 50-1-бабына және «Білім туралы» ҚР Заңының 26-бабына өзгертулер енгізілген болатын. Бұл өзгерістер мерзімді әскери борышын өтеген кейбір сарбаздарға білім алуға жағдай жасау үшін қарастырылған. Яғни, оқимын деген сарбаздарға бір жыл ішінде жоғары әскери және арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсуге мүмкіндік береді. Мәселен, Абай университетінің 1-курс студенті Ерасыл Тілекұлы осындай жеңілдікпен «Құқықтану: сот-прокурорлық қызмет» мамандығында білім алып жатыр. Ерасылдың айтуынша, бұл оның бала кезіндегі арманы болған:

Мен арманым – заң, құқық саласында білікті маман болу. Әрине, бұл мамандыққа міндетті түрде әскери билет қажет. Сондықтан әскер қатарында жүргенде жоғары оқу орнына түсу жолдарын зерттедім. «Сарбаз 2.0» бағдарламасы бар екенін біліп, өз бағымды сынап көрдім. Яғни, сарбаздарға арналған емтиханды тапсырып, Абай университетіне оқуға түстім, – дейді білім алушы.

Мемлекеттік гранттар мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта жақсы нәтиже көрсеткендерге беріледі. Грантқа үміткерлердің жетістігі туралы барлық дерек Қорғаныс министрлігінің сайтындағы «Сарбаз 2.0» цифрлық платформасында тіркеледі.

Жоғары оқу орындарына грант бөлуді жылына екі рет Қорғаныс министрлігі ұйымдастыратын комиссия жүргізеді. Білім грантына қол жеткізе алмаған сарбаздар да жоғарғы оқу орындарына ешқандай сынақ тапсырмай, ақылы негізде түсе алады. Ал жауынгерлерге берілетін сертификат екі жылға дейін жарамды.

Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздар еліміздегі 70-тен астам университетте тегін білім алу мүмкіндігіне ие. Айта кететін жайт, бұл гранттарға медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білім беру бағдарламалары енбеген. Республика бойынша 2025 жылы мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға 2314 білім беру гранты бөлінсе, 2026 жылы 2553 грант қарастырылған. «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясындағы гранттар Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметі арасында үлестіріледі.

 «Abai University» медиа орталығы